Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚЫЗЫЛОРДАДА «ҰЛЫ ДАЛА ӘУЕНДЕРІ» ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА «ҰЛЫ ДАЛА ӘУЕНДЕРІ» ФЕСТИВАЛІ БАСТАЛДЫБүгін Қызылордада «Ұлы дала әуендері» халықаралық фестивалі басталды. 2 күнге созылатын шара Фольклорист- ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сыр елінің тумасы Алмас Алматовтың 60 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылуда. 
Шара аясында «Өнер–түркі халықтары бірлігінің негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. 
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға алыс-жақын шетелдер мен еліміздің түкпір-түкіпірінен белгілі ғалымдар, өнер зерттеушілері, қаламгерлер жиналды. 
Түркі халықтарының алтын бесігіне айналған Сыр елінде 3 жылда бір рет «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық музыкалық өнер фестивалі аясында ғылыми-теориялық конференция тұрақты түрде өткізіліп келеді. 
Конференцияға қатысушы ғалымдар «Түркі рухани танымындағы архетип тұлға және Қорқыт», «Дәстүрлі өнер-жыр» мамандығы бойынша жоғары оқу орындарындағы кәсіби білікті маман дайындаудың өзекті мәселелері», «Сыр өңіріндегі жыраулық өнердің ерекшелігі» сияқты тақырыптарда баяндамалар жасап, ойларын ортаға салды. 
- Халық арасында «Сырдың елі – жыр елі» деген қанатты сөз бар. Жүздеген жырауды жүзіктеген, мыңдаған жыршы-термешіні қанаттандырған бұл киелі өлкеде Қорқыт бабаның қобызынан бастау алған дәстүрлі жыр өнері тамырын тереңге жайғанын Сіздер жақсы білесіздер. Сондықтан біз бүгінгі шараны сол дәстүрдің көрнекті өкілі, баба мұрасын насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде аянбай еңбек етіп келе жатқан біздің қадірлі жерлесіміз, белгілі жырау Алмас Нұрмаханұлының 60 жылдық мерейтойымен орайластырып отырмыз. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында рухы биік, ұлттық тағылымы мол осындай ғылыми басқосудың да қазіргі ұрпақ пен жас жеткіншектер үшін тәлімі мен тағлымы өте зор. Сондықтан да осындай асыл өнерді ардақ тұтып, әлемдік өркениеттің таза бұлағына айналдырған Алмастай азаматқа зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, тілейміз, - деп облыс әкімі жылы лебізін жеткізді. 
- Ең алдымен осы шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Ғалымдар мен белгілі өнертанушылар бас қосып, түркі халықтарына ортақ мәдени мұрамыздың мәселелерін талқылап, дамытудың жолдарын айтып жатыр. «Өнер – түркі халықтары бірлігінің негізі» деп аты айтып тұрғандай, бұл шара түркі елдерінің рухани тұтастығына бастайтын қадамның бірі деп білеміз, - дейді Алмас Алматов. 
Шара аясында бүгін Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрда А.Алматовтың шығармашылығына арналған «Жырдың сұңқар жүйрігі» атты көрме мен «Ұлы дала әуендері» атты дәстүрлі орындаушылардың концерті өтеді. 
Сонымен қатар фестивальдің екінші күнінде қонақтар «Қорқыт Ата» мемориалдық кешенімен танысады деп жоспарлануда.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: