Астана күні мерекесіне орай Қызылорда қаласы Титов қыстағында «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында жас отбасыларына арналған 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің кілтін тапсыру рәсімі өтті.
Тұрғын үйдің жалпы аумағы - 4 мың шаршы метр, пәтердің әр шаршы метрінің құны 100 мың теңгені құрайды. Бұл көрсетіш басқа облыс орталықтарымен салыстырғанда бірнеше есеге арзан. Аталған тұрғын үй бойынша «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасында көзделген талаптарға сәйкес келетін 60 жас отбасы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы 4 пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікпен алып отыр.
Бұрындары қаламыздың ең ірі Мерей, Ақмешіт ықшамаудандары 10 жылдан астам уақытта тұрғызылса, бүгінде мұндай ықшамаудандар 1-2 жылда бой көтеруде.
Былтырғы жылы облысымызда мемлекет қаржысы есебінен салынған тұрғын үй көлемі - 3,5 есеге, Қызылорда қаласында - 8 есеге өсті, пәтерде кезекте тұрғандар саны – 17% пайызға азайды. Соңғы 3 жылда Қызылорда қаласында 82 көпқабатты үй тұрғызылып, 3502 тұрғынға пәтер кілті табысталды. Биылғы жылдың өзінде 3 мың 254 пәтер болатын 65 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.