МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БОЛСА ДА КӘСІПТЕРІН ДӨҢГЕЛЕНТТІ (ВИДЕО)
Мүмкіндіктері шектеулі болса да, тағдыр сынына мойымаған қызылордалық Сейітбаевтар отбасы өз кәсіптерін өрге домалатып отыр, деп хабарлайды 31.kz.
Бақытбек пен жұбайы Күләш екеуі екі аяқтарынан ерте айырылып, мүгедек болып қалса да қол қусырып отырған жоқ. Бүгінде табыстарын кәсіптері арқылы тауып, күн кешіп жатқан жанұяның тыныс-тіршілігімен Абай Нұржанұлы танысып қайтты.
Аядай ғана баспананың бір бөлмесі Күләш апайдың тігін шеберханасына айналған. Аяқтарынан айырылған еңбекке жаны құмар жанның қолынан көп нәрсе келеді. Мәселен қыздың жасауын, көрпе-төсек тігу сияқты тапсырыстарды қабылдайды. Тігіншілікпен 2011 жылдан бері айналысып келе жатқан Күләш Тілеуова кәсібін одан әрі дамытсам деген арманының бар екенін айтады.
Күләш Тілеуова, І топ мүгедегі Күләш Тілеуова.
-Қазіргі таңда енді тапсырыс жоқ деуге болады. Туған-туысқандарымдікін қабылдаймын. Алдағы жоспарда енді осы кәсіпкерлігімді одан әрі дамытсам деген ойым бар. Қаншама қыз-келіншектер бар қарап отырған, соларды алып көмек беру деген ой бар енді, – дейді І топ мүгедегі Күләш Тілеуова..
Жұмыссыздарға жұмыс тауып берсем деген Күләш Тілеуова мемлекеттің кәсіпкерлерге беретін көмегінен үміті зор. Ал бұл жанұяның отағасы Бақытбек Сейітбаев 53 жаста. Әскерге барып қос аяғы мен бір қолынан айырылған Бақытбек өзінің ескі көлігімен табыс тауып отыр. Көлігін өзіне ыңғайлаған азамат қалада жолаушылар тасымалдайды. Тапқан аз-маз табысын жанұясының күн көрісіне жұмсайды.
– Машинам шамалы ескілеу. Иномарка емес, бірақ сонда да, әйтеуір, өзіме жүріп тұрамын. Онша қиын соқпайды. Шаршап шалдықпаймын, – дейді І топ мүгедегі Бақытбек Сейітбаев.
Он екі мүшесі сау бола тұра тағдырына разы емес көпшілік үшін бұл жандардың өмір жолы үлгі боларлықтай. Ешкімге тіленбей адал еңбектерінің арқасында күн кешіп келе жатқан отбасының армандары да асқақ.