Есірткіге тәуелді, нашақорлықпен ауыратын сотталушы үш жас әйел Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды.
Олар Қазақстан Республикасы Конституциясының және Заңдарының талаптарын өрескел бұзған.Сондай-ақ, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшердегі есірткіні өткізу мақсатында заңсыз иемденіп, сақтап, тасымалдап, аса ауыр санаттағы қылмысты жасаған.
Атап айтқанда, Г.Е. 2016 жылдың қаңтар айында сыбайласы Г.А екеуі соңғының басқаруындағы автокөлігімен Шымкент қаласына барған. Онда бұрын абақтыда бірге отырған сыбайласынан 50 грамм, яғни аса ірі мөлшердегі «героин» есірткі затын өткізу мақсатында сатып алған. Оны Қызылорда қаласына әкеліп, Ж.Т. үшеуі есірткіні өткізу мақсатында бөлек-бөлек фольгаға орамдап, сатуға дайындаған. Ал, героиннің орамдалмаған бір бөлігін үшеуі бірге сол үйде отырып, арнайы медициналық ерітіндімен араластырып, тамырларына медициналық шприцпен егу арқылы қолданған.
Бұдан әрі жасырын тергеу әрекеттері жүргізілді. 2016 жылдың 27 қаңтарында жергілікті уақытпен 12 сағат 40 минут шамасында үшеуі бірлесіп, үйге келген есірткі сатып алушыға фольгаға орамдалған (1 чек), жалпы салмағы 0,14 грамм героинді 5000 теңгеге сатқан. Сотталушылардың барлық әрекеттері камераға түсірілген.
Тінту жүргізу барысында Ж.Т қалтасынан шыққан әмиянның ішінен 4 бөлек фольгаға оралған, жалпы салмағы 1,42 грамм героин есірткі заты табылған. Одан басқа, айғақ зат ретінде электронды таразы, медициналық шприцтер, фольга қағаздар алынған. Осылайша олар аса ауыр қылмысты жасаған. Үш әйелдің екеуі бұрын есірткі заттарды өткізген үшін сотты болған, үшеуі де есірткіге тәуелді.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, мүлкілері тәркіленді. Әрқайсысы 10 жылдан бас бостандығынан айырылды. Жазаларын жалпы режимдегі түзеу колонияда өтеу белгіленді. Одан басқа оларға жаза өтеу орындарында нашақорлықтан еріксіз емдеу тағайындалды.