ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ БЛОГЕРЛЕР ҚАНАТ ӘУЕСБАЙДАН НЕ ҮЙРЕНДІ?
Облыстық ішкі саясат басқармасы және «Медиа Жұлдыз» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Халықаралық журналист, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қанат Әуесбай «Онлайн коммуникациялар саласындағы заманауи трендтер», «Жаңа медиа: Интернет ресурстар және әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану», «Блогерлердің медиа өнімдерін ілгерілету» тақырыптары бойынша семинар-тренинг өткізді.
Шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметте интернет ресурcтар мен әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану жолдарын анықтау, өңірдегі блогерлердің жұмыстарын жандандыру.
Семинар-тренингке Қызылорда қаласы мен аудандардың баспасөз хатшылары, басқармалардың интернет-ресурстар және әлеуметтік желілерге жауапты қызметкерлері, журналистер мен блогерлер, шамамен 60-тан аса қатысушы келіп, өз білімдерін толықтырды.
Бүгінде жергілікті атқарушы орган өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен қауымдастықтар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін толықтай пайдалана алмай отыр. Соның салдарынан басшының, ұжымның жұмысы белгілі бір дәрежеде көрінбейді, жеткілікті насихатталмайды. Интернет ресурстарын тиімді пайдалану халықпен мықты байланыс орнатуға, атқарылған жұмыстарды талқылап, елдің ұсынысын ескеруге мүмкіндік береді. Яғни, әлеуметтік желінің қоғаммен байланыс жасауда рөлі жоғары екендігі анық.
Облысымыздағы блогерлер санының аздығы әрі белсенділік деңгейінің төмендігі мәселелерін шешуде, сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуда семинар-тренингтің берері мол.
Танымал медиа-тренер Қанат Әуесбай қоғамның түйткілді тұстарын блогер ретінде де ақпарат айдынына шығарып жүрген белгілі тұлға. Биыл өткен республикалық «Нұр Сұңқар» байқауында үздік блогер ретінде «Көзқарас» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Қазіргі таңда Bnews.kz агенттігінің сараптама айдарын жүргізеді.