Биыл Арал ауданындағы «Қамбаш» орталығы өз жұмысын жандандыра түсті.
Сауықтыру және тынығу лагеріне Қызылорда облысынан, Қазалы, Арал ауданымыздан демалуға келген балалар саны артқан үстіне артуда. Қазіргі таңда орталыққа тынығуға балалармен қатар ата-аналар да қызығушылық танытып отыр.
Орталықта жайлы жатын бөлмелер мен 5 уақыт дәруменді тамақ мәзірі, көптеген үйірме жұмыстары қарастырылып, балаларды тынықтыру мен сауықтыруға барынша жағдай жасалған. Орталық қазіргі таңда 5 ауысымын жоғары жауапкершілікпен аяқтады.
Аудандық білім бөлімінің қолдауымен бұл орталықта үздік педагогтардың бірлестігі құрылып, олар жаздай мектеп партасынан шаршаған балалардың көңілді демалуына және сауығуына бар жағдай жасауда.
Мәдени және спорттық (тренажер мен фитнес) залдар және керемет саунасы бар бассейн жасақталған.
Орталықта күнделікті баланың шығармашылығын арттыру мақсатында ауысым сайын әр алуан іс-шаралар мен сауықтыру жұмыстары, спорттық ойындар мен су емшаралары, сонымен қатар үйірме жұмыстары да назарға алынған. Үйірмеде білім мен тәрбиені ұштастырып жүрген ауданымыздың ұстаздары және оқушылар үйінің тәрбиешілері біршама жұмыс атқарды.
Көпшілік мәдени шараларға келер болсақ, демалыс орталығында облыстық «Жасұлан жазы жайдарлы» атты фестиваль, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Түнгі Қамбаш» атты концерт өткізілді. Фестивальді Республикалық деңгейдегі «АРАЛ-АС» құрамасының жайдарманшылары жоғары дегейде ұйымдастырып, баршаға көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білді.
Сонымен қатар, «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығына Ақтөбе қаласынан қонаққа келген «Қайсар» футбол командасы мен балалардан құралған «Қамбаш Арлан» командасы достық кездесу өткізді.
Сондай-ақ, «Қамбаш» лагеріне тынығуға келген балалар бір күндерін арнап Қызылорда облысында орналасқан сәулет өнері, тарихи ескерткіш «Қорқыт Ата» мазарына саяхаттап, тарихи кесенеге қатысты деректермен танысып қайтты.
Алдағы тамыз айынан бастап орталық өз жұмысын кеңейту мақсатында «Отбасыммен Қамбашта» атты отбасылық тынығу лагерін ашып, жұмыс жасамақ.