Қызылордада құрылысшылардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті.
Елімізде бұл күннің құрылысшылардың мерекесі ретінде белгіленгеніне биыл 60 жыл толды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сала мамандарын мерекемен құттықтап, аймақтың дамуында олардың зор үлесі бар екенін атап өтті.
Әдетте қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы да жақсы болады. Қазір Қызылорда облысында 30 әлеметтік нысан салынып жатыр. Оның 18 білім саласаның нысаны болса, соның 8 пайдалануға берілді. Биыл 12 апаттық мектептің бесеуі бой көтереді. Қалған 7 мектептің құрылысы келесі жылы басталады деп күтілуде. Осылайша Сыр өңірі Елбасының 2020-шы жылға дейін апаттық мектеп мәселесін шешу туралы тасырмасын мерзімінен бұрын орындамақ.
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында биыл 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізіледі. Жеке тұрғын үй құрылысын салуда да аймақтың айтарлықтай жетістіктері бар. «Қызылорда-Жезқазған» жолының бойынан инфрақұрылымы жеткізілген 6600 жер телімі қызылордалықтарға табысталды. «Бәйтерек» деп аталатын жаңа мөлтек ауданда 36 мыңға жуық халық тұратын болады.
- Биыл Азия даму банкімен бірлесіп сол жағалауды игеру жұмыстарын жүргіземіз. Банк ұсынған «ақылды қала» («SMART CITY») жобасын қабылдап, 5 техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өттік, - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Салтанатты жиында сала үздіктері мен ардагерлерін Құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталып, құрылыс саласының үздігі төсбелгесі табысталды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.