IPO-ның кезекті кезеңінде облыста 19558 өтінім түсті
Халықтық IPO бағдарламасы бойынша бірінші «КазТрансОйл» АҚ компаниясының акциялары ұсынылған. Бұл ұлттық компания Қазақстан Республикасындағы барлық магистралдық мұнай жолдары және су жолдары құрылысы және қызмет көрсетумен айналысады. Ал, биыл IPO-ның кезекті кезеңінде облыста 19558 өтінім түсті.
Елімізде халықтық IPO бағдарламасының кезекті кезеңінің басталды. «Қазпочта» АҚ облыстық филиалы аталмыш бағдарлама бойынша белгіленген эшелонмен «KEGOC» АҚ компаниясының акцияларын сатады.
«Қазпочта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Пакуадин Ерсейітов "Халықтық IPO бағдарламасының акциясын иемденуге тек қана еліміздің азаматтарының құқығы бар. Акцияны сатып алу арқылы әрбір адам Қазақстанның ірі ұлттық компанияларының тең меншік иелері бола алады. Мемлекеттің маңызды қадамы болып саналатын бағдарлама негізінде әрбір қарапайым халық шын мәнінде еліміздегі байлықтың өздеріне де тиесілі екенін сезінетін болады"дейді.
«Халықтық IPO» қатысушы компаниялар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ тобына кіреді. Қазіргі сәтте қордың құрамында 400-ге тарта компания бар екенін ескерсек, алпауыт компаниялардың активтеріне қарапайым жеке тұлға да иелік ете алады.
Айта кетейік, алдыңғы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның акцияларына өңір бойынша 19558 өтінім қабылданып, барлық жиынтық сома 5 156 342 825 теңгені құраған.