Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ЖАҢАҚОРҒАНДА ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

ЖАҢАҚОРҒАНДА ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫҚызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданында жылдық қуаттылығы 560 мың тонна болатын цемент зауытының құрылысы басталды. 
Құны 30,2 млрд. теңгені құрайтын бұл инвестициялық жоба «Байқоңыр Инвест» инвестициялық форумы аясында «Мелиоратор» ЖШС мен ресейлік «Глобальная безопасность» ЖАҚ-ы арасында жасалған келісім негізінде жүзеге аспақ. 
Зауыттың алғашқы іргетасын қалау шарасына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен жобаны жүзеге асырушы «Глобальная безопасность» ЖАҚ, «Мелиоратор» ЖШС-нің басшылары қатысты. 
Құрылыс жұмыстары барысында мұнда 250 адам жұмыс істейді. Ал өндіріс орны толық іске қосылғанда, 320 адам тұрақты жұмысқа тартылмақ. 
- Озық технологияға негізделген мұндай жобаның жүзеге асырылуы ең алдымен өңір экономикасы үшін қажет. Жаңа жұмыс орындары ашылып, салық базасын нығайтуға да септігін тигізеді. Жаңа технологияның арқасында зауыт экологиялық таза, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін болады. Сондай-ақ, бұл құрылыс саласына пайдаланылатын цемент өндіретін облыстағы алғашқы зауыт болады, - деді облыс әкімі. 
Жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырған «Глобальная безопасность» ЖАҚ-ы әлемнің 15 мемлекетінде жұмыс істейтін цемент зауыты құрал-жабдығын шығаруда тәжірибесі бар компания. 
- Зауытты Жаңақорған ауданынан салуымыз кездейсоқтық емес. Өндіріс орнына қажет шикізатты осы ауданнан таптық. Сонымен қатар, инвесторлар үшін Қызылорда облысында барлық жағдай жасалған. Жергілікті билік өндіріс орнын саламын деушілерге инфрақұрылымын жеткізіп беріп, жобаны жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетеді. Оған толық көзім жетті. Осындай үлкен жобаларға инвестор тартуда инвестициялық форумның пайдасы зор екенін айтқым келеді. Мен де облыста өткізілетін «Байқоңыр» инвестициялық форумына екі рет келіп қатысып, осы сияқты перспективалық жобаны «Мелиоратор» компаниясымен бірлесіп жүргізуге шешім қабылдадым, - дейді «Глобальная безопасность» ЖАҚ бас директорының орынбасары Эдуард Фельд.
Бұл өндіріс орнының Қазақстандағы басқа цемент зауыттарынан айырмашылығы автоматтандырылған құрал-жабдыққа жұмсалатын энергошығындардың аз болғандығы өнім құнының төмен болуына ықпал етеді. Алайда, бұл өнімнің сапасына ешқандай кері әсерін тигізбейтінін айтады мамандар.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: