Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Медиа-Пресс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесі аясында «Үлгілі отбасы – мемлекет тірегі» облыстық әкелер форумы өтті.
Форумға облыс әкімінің орынбасары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Руслан Рүстемов қатысып, облыстың үлгілі әкелерін биылғы еліміздің Тәуелсізідігінің 25 жылдығымен құттықтады.
Облыс аудандары мен Қызылорда қаласынан үлгілі әкелердің басын қосқан шараның мақсаты - ұлттық дәстүрімізге құрмет көрсете отырып, жастардың бойына отаншылдық, патриоттық сезімдерді қалыптастыру, әке мен бала арасындағы қарым-қатынас туралы түрлі көзқарастар мен тұжырымдарды бір ортаға шоғырландыру, жаңашыл идеяларға қолдау көрсету.
Форум аясында отбасы құндылықтары мен әкенің қоғамдағы ролін насихаттайтын бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, шараға қатысушы әкелер баяндама жасап, отбасы құндылықтары, ұлттық сана, бала тәрбиесіндегі әкенің ролі турасында ой-пікірлерін ортаға салды.
Шара соңында қатысушылар облыс әкімінің арнайы алғысымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, облыс атынан 4 үлгілі әке Астана қаласында өтетін республикалық әкелер Форумына қатысады.