Биыл Ақжар ауылындағы Бұл шара «Ақжар-Агро-Инвест» ЖШС қарасты егін алқабында өтті. Шаруашылық 837 гектар жерге сыр салысын еккен еді.. Бүгін сол егінді шашпай-төкпей жинап алатын сәт туды. Көктем шыға егіс қамына кірісетін диқандар қауымы жер жыртып, оны өңдеп, Сыр салысын егуге дайындалады. Өңделген жерге тұқым сеуіп, оның өсіп-өнуіне қам жасайды. Күріштікті уақытылы суарып, тыңайтқыштарын беріп, күндіз-түні егінжайды қадағалап жүреді. Жаз бойы күннің аптап ыстықтарына қарамай, маңдай терін төгіп, бас көтерген күріштің түрлі ауруға ұшырамауына да жауаптылық танытады. Ал, піскен шақта бұйырған несібесіне қарай мол өнім алуға ниет етеді. Сондай ала жаздайғы еңбектің нәтижесін көруді алғаш болып ақжарлықтар бастады.
Алғашқы егін орағына қатысқан аудан әкімі С.Мақашов:
– Қадамдарыңыз құтты болсын, қырмандарыңыз астыққа толсын. Ел ризығын төкпей шашпай жинап алудағы еселі еңбектеріңіз жемісті болсын, – деп еңбек ардагерлерімен бірге алғашқы орақ лентасын қиды.
2013 жылы жұмысын бастаған «Ақжар-Агро-Инвест» ЖШС-і биыл 837 гектар жерге күріш, 215 га жаңа жоңышқа, 215 га мақсары екті. Шаруашылықта 100 ден аса адам қызмет етуде.
Айта кетейік, жалпы аудандағы шаруашылық құрылымдары үстіміздегі жылы 21,8 мың га жерге ауылшаруашылығы дақылдарын екті. Оның ішінде негізгі күріш дақылы 14025 га болып, жаздық бидай 230 га, мақсары 845 га, ескі жоңышқа – 3372 га, жаңа жоңышқа - 1909 га, картоп–556 га, көкөніс–303 га, бақша – 474 га болды. Сонымен бірге егін орағында астық жинауға 97 комбайн мен 75 жатка, 151 трактор, 62 автокөлік, 139 трактор тіркемесі дайындық сабына қойылған. Қыркүйек айында орақты толық аяқтап шығуға мүмкіндік бар.