Қазалыда ұлттық үлгіде өнімдер сататын орталық бар
Қазалы ауданындағы «Эксклюзив» сауда орталығында ұлттық үлгідегі киім мен үй жабдықтары тұтынушыға жол тартады. Оны жеке кәсіпкер Ғалия Төребекова ашты.
Орталықты ашқанына көп болмаса да, ауданға танылды. Мұнда ұлттық киімдер мен перденің сан түрі бар.
– Бұрын үйден тігіп жүретінбіз. Анам ісмерлігін кәдеге асырғысы келіп, көп ойланды. Бір шешімге келіп, көлемді несие алдық. «Даму» қоры несиемізді субсидиялап, жеңілдік жасады. Қазір анамның қарамағында жолдасым екеуміз дизайнер болып жұмыс істейміз, – дейді Эльмира Каналиева.
Марат Нағашыбаев – осындағы ою-өрнектер мен көркемдеуші орнаменттердің авторы. Сканер арқылы аппаратқа енгізіп, матаның бетіне түсіреді. Лазерлі станок әп-сәтте қиялыңыздағы бейнені төріңізге қойып береді. Матаны Ташкент, Дубайдан әкелетін кәсіпкердің сауда орталығында заманауи үлгідегі жалюздер де жасалады.