Бүгін «Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Нұрбол Әлкебайұлының қатысуымен брифинг өтті.
Қызылорда облысы бойынша МКД Экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде ағымдағы жылдың 9 айында жалған кәсіпкерлікке қатысты 38 қылмыстық іс анықталып, олардың 36-сы сотқа жолданған. Бұл санаттағы қылмыстық істер әдетте ұйымдасқан қылмыстар немесе басқа да бірлескен қылмыстар болып табылады.
Нұрбол Әлкебайұлының айтуынша жоғарыда көрсетілген жалған кәсіпкерлік бойынша келтірілген барлық залал сомасы 3,6 млрд теңгені құрап отыр. Оның 468,7 млн теңгенің залалы қалыпқа келтірілген. Сондай-ақ жалған кәсіпкерлердің контрагенттерінен 570 млн теңгенің салықтары мен төлемдері бюджетке қосымша қайтарылған.
Сонымен қатар, департаменттің жедел-тергеу шаралары барысында 17 адамның қатысуымен бірлескен қызметті жүзеге асырған ұйымдасқан топтың әрекеті әшкереленді. Олар 27 жалған кәсіпкерлік компанияларын ашып, ұзақ уақыт жұмыс жасап келген. Келтірілген залалы 4,2 млрд теңге, оның 512 млн теңгесі сотқа дейінгі өндіріс кезінде қалыпқа келтіріліп отыр. Бұл қылмыстық іс ұйымдасқан қылмыстық топты құру және жалған кәсіпкерлік фактісімен сотқа жолданған.