Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Айдын Айымбетов: «Сыр елі мен үшін өте ыстық»

Айдын Айымбетов: «Сыр елі мен үшін өте ыстық»Ғарышкер, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов екі күндік сапармен Қызылордаға келді. Ғарышкер алдымен Назарбаев зияткерлік мектебінде болып, оқушылармен кездесті. Ғарышқа сапары туралы әңгімелеп, балалардың сауалдарына жауап берді. 
- Ғарышкер болу менің бала күнгі арманым еді. Оған жету үшін жастайымнан спортпен шұғылдандым, көп оқуға тырыстым. Ғарышқа барып келуім менің ғана емес, ең әуелі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының, «Қазғарыштың», бүкіл қазақ елінің еңбегі дер едім. Космоста адам баласы үшін әлі тылсым дүниелер көп. Оны игеру жастардың еншісінде. Сондықтан жақсы білім алыңыздар, - деді Айдын Айымбетов оқушылармен кездесуде. 
Мұнан соң Халық қаһарманы Ана мен блала орталығында болды. 200 орындық перинаталды орталықта күніне 35 нәресте дүние есігін ашады. Жаңа туған бүлдіршіндердің біріне ғарышкердің есімі қойылды. Кішкентай Айдын ата-анасының бесінші перзенті екен. 
- Дәл осы күні өңірге ғарышкер, Халық қаһарманы келіп жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Ұлым ғарышкер болсын деген ниетпен Айдын Айымбетовке баламыздың есімін қойдырдық. Бұл біздің отбасымыз үшін тарихи сәт дер едім. Кішкентай Айдынның биікке қарыштап, қазақтың атына сай ұл болуын тілеймін, - дейді Гүлістан Тастыбаева.
Айдын Айымбетов «Атамекен» балалар ауылына да ат басын бұрып, балалармен бірге ағаш отырғызды. Мұнан соң Айдын Айымбетов Сыр өңіріне келгендегі мақсатын айтып, журналистерге сұхбат берді. 
- Сыр елі мен үшін өте ыстық. Өйткені мен космосқа аттанған «Байқоңыр» ғарыш айлағы осы аймақта орналасқан. Сондай-ақ, менің өмірлік жарым да Қызылорда облысының тумасы. Көкке көтерілгенде отбасымның, халықтың қолдауын сезіндім. Ғарыштан жерді көргенде, Қазақстанды көргендегі сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес. Мен енді «Қазғарыш» агенттігінде жұмысымды жалғастыратын боламын. Мұнда келгендегі негізгі мақсатым – жастармен кездесу. Елдің болашағы солардың қолында. Сондықтан біз жас ұрпақтың білімді, патриот болып өсуіне көп көңіл бөлуіміз керек, - дейді Халық қаһарманы А.Айымбетов. 
Екі күндік сапары аясында ғарышкер Айдын Айымбетов Қызылорда қаласында өтетін дәстүрлі Жастар форумына қатысады.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: