Арал ауданында Аманөткел ауылындағы мектеп жанынан салынған жылыжай алғашқы өнімін бере бастады. Бұл жөнінде аудан әкімдігі баспасөз қызметі мәлім етті.
Білім ордасы маңындағы бұл кешен осылайша жылдың кез келген мезгілінде халықты сапалы әрі арзан ауылшаруашылық өнімімен қамтамасыз ету мүмкін екеніне дәлел болып отыр.
Мектеп ұжымы алғашқы дәнді-дақылдарды тамыз айында еккен екен. Нәтижесінде жылыжайда қазірдің өзінде қиярдың 3 сұрыпы шыға бастаған. Сонымен қатар, қызанақтың да пісетін уақыты жақындап келеді. Білім ордасының басшысы Айбек Әлімжанов мұндай жоба болашақ агрономдарды дайындауда мол септігін тигізетініне сенімді.
Айта кетейік, аумағы 200 шаршы метрден асатын кешенді болашақта тағы да үлкейту жоспарланып отыр. Қазір жылыжайда сынақ ретінде гүлдердің де бірнеше түрі өсіріле бастады.