Облыстық денсаулық сақтау басқармасында бүгінгі таңда барлығы 18 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олардың ішінде 5 басқармамен, қалғандары облыстағы медициналық ұйымдар. Бұл туралы бүгін «Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникация орталығында өткен брифингте Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абдусаматов хабарлады.
Брифингке сонымен қатар Әділет департаментінің азаматтық хал актілерін тіркеу және апостильдеуді қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Күлдары Елеусізова қатысты.
Ж.Абдусаматовтың мәлімдеуінше, 9 ай қорытынды бойынша, барлығы 1 477 865 қызмет көрсетілсе, «электрондық үкімет» www.e-gov веб-порталы арқылы электронды түрінде 2 338 сұраныс болған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік ұйымдар арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің портал арқылы көрсетілуі тиіс 3 түрінің 50 пайыз үлесін портал арқылы көрсету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта веб-порталын пайдаланудың тиімділігін халық арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
«Халыққа қызмет көрсету орталығы» департамент директоры Аида Абибулаеваның атап өткеніндей, 20 қыркүйек пен 30 қараша аралығында жас аналарға 1 191 туу туралы куәлік табысталса, бала күтімі жөніндегі жәрдемақыларды тағайындау бойынша 497 өтініш, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу қызметі бойынша 288, баланы балабақшаға тіркеу қызметі бойынша – 147 өтініш қабылданып, орындалды.