Облыс әкімінің бірінші орынбасары электрмен қамту нысандарын аралады
Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов Қызылорда қаласындағы электрмен қамту нысандарын аралап, жұмысымен танысты.
Айта кетейік, облыста барлығы 10121 шақырым электр желілері мен 1867 қосалқы станция бар. Олардың негізгі бөлігі өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші жылдары қолданысқа берілген. Бүгінде тозу деңгейі 70 пайызға жеткен.
Осы күндері облыстың бір тәуліктегі электр тұтыну көлемі 120 МВт шамасында. Бұл көрсеткіш шілде-тамыз айларында 150-170 МВт-тан асып, электр желілерінің жүктемесі артады.
Алдын-ала есептеулерге қарағанда, электр жүйелерінің тозу деңгейін 30 пайызға төмендету үшін 153 млрд.теңге қаржы қажет. Бұл ауқымды қаражат болғандықтан, облыстық бюджет есебінен былтыр 548 млн.теңге бөлініп, «КРЭК» АҚ-ның жарғылық капиталы ұлғайтылды. Қызылорда қаласының 35/10 кВ-лық «Силикатная», «Промышленная» және «Комсомол» қосалқы станцияларындағы күштік трансформаторлар ауыстырылды.
Жыл басында жауын-шашын салдарынан облыс орталығы мен бірқатар елді мекенде жарық өшкені белгілі. Облыстағы жөндеуді қажет ететін электрмен қамту нысандары анықталып, жаңғырту-жөндеу, ауыстыру жоспары жасалды. Оның бірінші кезеңіне облыстық бюджеттен 1,6 млрд.теңге қаражат бөлінді.
Бұл қаржыға кернеулігі 10/0,4 кВ 35 қосалқы станция ауыстырылып, 27 дана кірпіштен жасалған ескі күштік трансформатор күрделі жөнделеді. Оған қоса 32 шақырым желі ауыстырылып, апаттық бригадалардың жедел әрекет етуі үшін 16 дана УАЗ автокөлігі сатып алынады.