Арал ауданында балық ресурстарының жағдайына бағытталған мәні зор жиын болып өтті.
Арнайы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтың төрағалығымен өткен басқосу Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылдық округінде болған еді.
Жиынның негізгі мақсаты қазіргі таңда балық аулауда браконьерлікке тыйым салу мен табиғат пайдаланушыларды теңіз бен көл жүйелерін тиімді, белгіленген ережеге сай игеруге бағыттау болатын. Себебі, браконьерлердің озбыр¬лы¬ғы – тек айналасына ғана емес, тікелей өз өмірлеріне қатер төндіріп отыр. Қазіргі күні бұл – қоғамды, жұртшылықты толған¬дырып отырған күрделі проблема.
Аталған мәселелерді көтерген мәні зор жиын барысында облыстық түрлі сала басқармаларының басшылары мен мамандары хабарлама жасап, атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын баяндап өтті.
Әр сала бойынша бірқатар ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.
Соның ішінде, жиынға қатысушылар Арал аудандық прокуратурасының бір ай мониторинг жүргізу нәтижесімен әзірленген «Браконьерлік балық аулауға қарсы іс-қимыл жобасын» қолдады. Бұл жобаның тиімді тұстары баршылық. Жоба негізінен балық ауланған сәттен бастап бірізді электронды жүйе арқылы есепке алыну керектігін көксейді.
Дегенмен жиын барысындағы айтылғанның барлығы басым назарды, үлкен күш-жігерді, ерен еңбекті, мол қаржыны қажет етеді. Әңгіме тек балықты аулап, оны сатуда ғана емес. Мәселенің тамыры тым тереңде жатыр.
Балық дегеніңіз – дұрыс пайдалана білсек, азайған қоры молаятын, сақтай білсек, сарқылмайтын ресурс. Демек, осы саланы өркендетуді ұтымды ұйымдастыра алсақ, оның табысы да мол болмақ.
Осы ретте, балық шаруашылығы балалары¬мызды да, немерелерімізді де, одан кейінгі талай ұрпақты асырайтын салмағы да бар, бермегі де мол кәсіп екенін баса айтқан аудан басшысы, бұл саланың болашағын ретке келтіру бойынша алдағы уақытта жұмыстар күн тәртібінен түспейтіндігін атап өтті.