«МИКРОБИЗНЕС ҚЫЗЫЛОРДА»: ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДА 75 ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ
Бұл туралы кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Ермек Аймаханов айтты, деп хабарлайды Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Биылдың өзінде 22 кәсіпкерге 130 млн. теңге несие берілген. Нәтижесінде ауданда 75 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ендігі сөз өзінің кәсібі арқылы 15 адамды жұмыспен қамтып отырған қазалылық Альбина Нұрбаева жайлы болмақ. Өз кәсібін үйінде шағын пештің қасынан бастаған нәзік жан, бүгінде ауданға белгілі кәсіпкерге айналды. «Дастархан» кондитерлік цехының өнімдері қазалылықтарға бұрыннан таныс. Осыдан 6 жыл бұрын тәтті тағам түрлерін дайындайтын шағын цех ашқан Альбина Нұрбаева бүгінде аудан халқын кондитер өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.
Алғашында өз үйінен торт, тоқаш пісіріп бастаған кәсіп иесінің жұмысы өрге басты, дәмді пісірілген ас атасының түрлері жергілікті халықтың ойынан шығып, алушылар көбейді. Сондықтан кәсіп аясын кеңейту қажеттілігі туды. Осы кезде кәсіпкерге көмекке кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы келіп, бизнес кеңесін берді. Осылайша, Альбина Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 8 млн.теңге несие алады. Алынған қаржыға заманауи үлгідегі пеш, нан жаятын машина, иленген қамырды бумен көтеретін құрал, кондитер өнімдерін салып пісіретін түрлі құралдарын алады. Одан бөлек кәсіпкер жаңадан алған пештерін қою үшін құрылыс жұмыстарын жүргізіп, цехты кеңейтеді. Бүгінде кондитер цехында кондитерлік өнімдердің 10-нан астам түрі дайындалады.
Отбасылық бизнесін өрлетіп отырған нәзік жан өндірілген өнімдерін өзінің дүкенінде сатады. Дүкен сөрелерінде тұрған түрлі торттар, тәтті тоқаштар, кекстер мен печеньелерден көз сүрінеді. Жаңадан ашылған цехте эксклюзивті торттарға да тапсырыс беруге болады. Одан бөлек, самса, бауырсаққа арналған қамырды да осы жерден алуға болады.15 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіп иесінің ендігі арманы мейрамхана салу.
Жалпы есепті кезеңде Қазалы ауданындағы филиал кеңесшілері кәсіпкерлер мен кәсіпкер болуға ниетті 1048 тұрғынға 3998 мемлекеттік бағдарламалар аясында кеңес берген. Олардың басым көпшілігі – жұмыссыз жастар. Сонымен қатар, «Бизнес кеңесші» оқу семинары тұрақты өткізіліп, 188 кәсіпкер мен кәсіп ашуға ниетті жандарға арнайы сертификаттар табыс етілген.