Еліміздің білім және ғылым министрлігінің басшылығымен республиканың барлық білім беру ұйымдарында «Ұлы Дала Елі - Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күн аясында 28 қараша "Ұлттық валюта" күніне орай бірқатар шаралар (дәріс, көрме, кездесу) өткізілді.
Аталған шаралар Қызылорда облысының білім беру ұйымдарында да ұйымдастырылады. «Теңге тарихы», «История создания тенге» тақырыптарында өткізілетін бұл шаралар Қазақстанның басты атрибуты - ұлттық валюта теңгеге арналды.
Шараларға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, теңге коллекционері А. Оразбақов және ардагер-қаржыгерлер Қ. Әжібеков, Н. Мақанжанов шақырылды.
Аталған шаралардың мақсаты – Тәуелсіз еліміздің ең бірінші айрықша белгісі теңгемен тереңірек таныстыру, сонымен қатар, ХVIII – XXI ғасырлар аралығындағы қолданылған ақша түрлерімен таныстыру, ақша айналымы тарихынан мағлұмат беру, оқушылардың іскерлік, кәсіпкерлік, ақша туралы түсініктерін кеңейту, өз Отаны Қазақстанға мақтаныш сезімін ояту.
Шараның құрметті қонақтары, ардагер-қаржыгерлер Қ. Әжібеков, Н.Мақанжанов оқушыларға дәріс оқыды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарих ғылымдарының кандидаты, теңге коллекционері А. Оразбақов әр дәуірдің ақшаларымен таныстырды. Шара №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында өтті. Қаржы мамандарының алдында оқушылар төл теңгеміз туралы ғылыми жұмыстарын таныстырды.