Елімізде «Медиация туралы» заңның қабылдануы,медиацияның дамуы, өркениет көшіне батыл бет түзеген қоғамымыздағы оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігі даусыз.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін,ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға улкен назар аударғаны баршамызға белгілі. Медиация туралы заңымыздың аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы екендігін түсінгеніміз абзал.
Өйткені соттарда істер айлап қаралатын болса, медиаторға 30 күн ғана уақыт беріледі. Соттардан ең басты айырмашылығы – медиатор тараптармен болатын келіссөздерге кез – келген уақытта, кез келген жерде қатыса алады. Ал судьяға араласпаушылық принципі бойынша мұндай келіссөздерге қатысуға заң бойынша рұқсат етілмейді.
Медиацияны жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады.
Медиацияны жүргізу тілін тараптар медиацияны жүргізу барысында пайдаланылатын тіл немесе тілдер туралы өздерінің қалауы бойынша уағдаласа алады. Егер тараптардың бірі медиацияға жүгіну туралы ұсынысты жазбаша түрде жіберсе және оны жіберген күннен бастап он күн ішінде немесе ұсыныста көрсетілген өзге де орынды мерзімде медиация рәсімін қолдануға басқа тараптың келісімін алмаса, мұндай ұсыныс қабылданбаған болып есептеледі. Медиацияны жүргізу үшін тараптар өзара келісім бойынша бір немесе бірнеше медиаторды таңдайды.Медиаторлар ұйымы, егер тараптар аталған ұйымға тиісті өтініш жіберсе, медиатордың (медиаторлардың) кандидатурасын ұсына алады. Егер медиацияны жүргізу кезінде тараптардың бірі кәмелетке толмаған болып табылса, педагогтің немесе психологтің қатысуы міндетті.
Медиация жүргізу тәртібіне тоқталсақ, медиатор медиация барысында екі жаққа да медиацияның рөлі және оның құқықтық әсерлері жөнінде толық мәлімет беру керек.Бұл ретте екі жақтыңда құқығы бірдей екенін және олардың бір- біріне сыйластықпен қарау керектігін түсіндірген жөн. Медиация жүргізу алдында медиатор оған дайындық жүргізеді. Тараптарды тыңдап, даудың шығу себебін айқындау үшін, екі жақтың пікірін толық тыңдап қажетті мәлімет жинайды.
Тараптардың әрқайсысынан даудың шығу себебін тыңдап, қандай сұрақтарды талқылау қажеттігін шешеді. Бұл ретте медиатор нақты тыңдау және қайталап сұрап, конструктивті мағынасын табу шараларын қолданады. Екіншіден медиатор екі жақтың талабын тыңдап, ол талаптың қайсысы болашақта тараптарды біріктіретінін жобалайды. Бұл кезде медиатор нейтралитет сақтауы қажет.Үшінші қадам кезінде медиатор тараптарға даудың түрлі шешімдерін ұсынады. Ол шешімдер бірнеше және олар альтернативті болуы қажет.
Сонымен медиатор екі жақты творчестволық ізденіске итермелейді. Қорытындыға келгенде екі жақ та шешімге өз еркімен келгеніне көзі жету керек.Төртінші қадамда медиация шешімі дайындалады.Тараптардың қатысуымен медиатор болашақ шешімнің талаптарын оқып береді және оның әр бабын талқылайды. Медиацияның бесінші қадамында медиация шешіміне екі жақ қол қояды. Медияциялық шешім олардың қайсысының да көңілінен шығу керек. Осы орайда медиаторға жүктелетін міндет өте ауыр десе болады. Медиатор шын мәнінде адамдармен тіл табыса алатын психолог әрі сабырлы, байыпты жан болуы тиіс.Сонымен бірге медиатордың қызметі кәсіпкерлік болып саналмайды, басқа да қызмет түрлерімен айналыса алады.
Кәсіби медиаторлар медиацияны ақылы да, тегін негізде де жүзеге асырады.
Кәсіпқой медиатор (медиаторлар) сыйақысының мөлшері медиация басталғанға дейін медиатормен (медиаторлармен) тараптардың келісімі бойынша айқындалады. Егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, медиацияны жүргізуге байланысты шығыстарды тараптар бірлесіп тең үлестермен төлейді.
Бүгінгі күні Қызылорда облысының барлық аудандарында Медиация кабинеті ашылған және ол жерде кәсіпқой медиаторлар жұмыс жасап жатыр.
М.Асанова,
Қызылорда облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі мамандандрылған
ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі.