2016 жылы Арал ауданында өнеркәсіп кәсіпорындарымен 7,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда кен өндіру өнеркәсібі 20,7 пайызға, ал өңдеу өнеркәсібі 11 пайызға өскен. Сонымен қатар ауданға тартылған инвестиция көлемі 5,4 млрд. теңгеге жеткен.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-конференциясында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев баяндады.
Аудан әкімінің айтуынша өткен жылы ауданда 444,5 мың тоннаға жуық тұз және таза натрий хлориді қазылып, 194,7 мың тонна ас тұзы, 4,1 мың тоннаға жуық балық, 143 тонна ет, 665 тонна нан және нан өнімдері, 73,4 мың текше кварц топырағы өндірілген.
Сонымен қатар, индустрияландырудың екінші кезеңі бойынша ауданда «Аралтұз» кәсіпорны жанынан ашылған заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны, «Күйдірілген кірпіш өндірісі» жобасы және «Ет және ет өнімдерін өндіру цехы» жобалары іске қосылып, нәтижесінде 241 аудан тұрғындары жұмыспен қамтылған.
«Бүгінгі күнгі үлкен жобаларымыздың бірі – «Арал Сода» ЖШС-нің «Кальцилендірілген сода өндіру жобасы» республикалық индустрияландыру картасына еніп отыр. Жалпы бұл жобаның жылдық қуаттылығы 200 мың тонна таза кальцилендірілген сода өндіруге мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда Арал қаласының батыс бөлігінен 5 гектар жер телімі беріліп, техникалық-экономикалық құжаттамалары толық әзірленді. Қазіргі таңда «Қазақстан даму банкімен» бірге жасалған жұмыстар нәтижесінде жобамыз қолдауға ие болып отыр. Аталмыш жобаның құрылыс жұмыстары барысында 350-ге тарта Арал ауданының тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту жоспарланса, жоба қуаттылығы толық іске асырылғанда 700 жаңа жұмыс орындарымен қамтылатын болады» - деді аудан әкімі.
Мұнан өзге, ауданның басты тіршілік көзі саналатын мал шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Агрокешендегі жалпы өнім көлемі 4 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 3 пайызға артқан.