Қызылордалық дәрігерлер науқас емдей алмай жүр. Қалалық аурухананың ақ халаттылары емдеу мекемесінің маңында орналасқан базарлардың кесірінен ауруларға дер кезінде жете алмай қиналып жатыр. Көлік кептелісі әбден мезі етті дейді дәрігерлер. Ал бұған құлақ асып жатқан жергілікті билік болмай отыр.
Аманжол Ықсанов жедел жәрдем қызметінің жүргізушісі. Адам жанына араша түсуге асыққан дәрігерлердің қиын жағдайын күнде өз көзімен көреді. Науқастың әрбір секунды алтыннан да қымбат уақытта ауруханаға не кіре алмаймыз, не шыға алмаймыз деп ашынады ол.
АМАН ЖОЛЫҚСАНОВ, көлік жүргізушісі:
Ал дейтін адам жоқ, қой дейтін қожа жоқ дегендей мынау бізге жол кептелісі өте қиындау болып тұр.
Көтерме сауда базарлары дәл іргеде орналасқандықтан машиналардың барлығы осы маңнан өтеді. Күн көріс қамымен жүрген көлік иелерінің жағдайын түсінуге болады дейді аурухана басшылығы. Бірақ өмір мен өлімнің арасында жатқан науқастарды кім ойлайды деп налиды.
АСЫЛБЕК ТОҒЫЗБАЕВ, Қызылорда қалалық ауруханасының бас дәрігері:
Бір сағаттың ішінде науқас бізге келіп жету керек. Сол бір сағаттың ішінде келіп жететін болса, онда көрсетілетін көмектің эффективності жоғары болады. Міне бір сағатқа көбінесе жете алмай жатады.
Қызылорда қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер болса, уәде берумен шектелді. Ал аурухана қызметкерлерін әуреге салған мәселе тек келесі жылы шешіледі дейді.
МАРСБЕК МОЛДАБАЕВ, Қызылорда қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Келер жылдың бюджетіне тағы да қарастырып отырмыз. Сол жерлердің жолына жол белгілерін орнату қазіргі кезде біздің жоспарымызда.
Ал ақ халаттылар күніне 100-ден астам шақырулар қабылдайды екен. Сондықтан өзіңіз есептей беріңіз. Дәрігерлер болса, келер жылды күтетіндей уақыт жоқ. Тез арада шешіп берсін. Өйткені күн тәртібінде адам денсаулығы тұр дейді.