Қызылордада рейд нәтижесінде 5 мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді
«Заң және тәртіп» қағидатын нығайту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысының аумағында полиция қызметкерлері рейдтік-профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізуде.
Рейд барысында басты назар вандализмнің алдын алуға, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, түнгі заңсыз жарыстардың жолын кесуге және жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушілерді анықтауға бағытталды.
Апта көлемінде облыс аумағында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында 5 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Атап айтқанда көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланудың 1069, көлікті мас күйде басқарудың 26, сондай-ақ жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдалану талаптарын сақтамаудың 1620 , қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзудың 18 дерегі анықталды.
Түнгі уақытта жоғары жылдамдықпен жүріп, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жүргізушілер де полицияның жіті бақылауында.
Полиция қызметкерлері заманауи цифрлық технологиялар мен бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, құқық бұзушылықтарды жедел анықтап, олардың жолын кесу және қайталануына жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдауда.
Түнгі қала – жарыс алаңы емес. Жолдағы тәртіп – әр адамның қауіпсіздігінің кепілі.