Кызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы ережелерін түсіндіру бойынша семинар өткізілді.
Семинарға облысқа қарасты барлық ауданнан шараға қызығушылық білдіруші кәсіпкерлер қатысты.
Байқау ережелерімен таныстыру үшін Астанадан арнайы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Шағын және орта бизнесті дамыту департаменті директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова мен «Интерсерт» ЖШС һкілі Виктор Ким келіп, шараның маңыздылығын түсіндіріп өтті.
«Биылғы жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауындағы ерекшелік – байқау «EXPO - 2017» шарасы аясында, тамыз айында өткізіледі деп жоспарлануда. Біздің отандық тауарөндірушілерімізге шет елден келетін туристердің, іскер азаматтардың назарын аудартпақпыз. Осылайша, республикалық көрмеге еліміздің барлық облыстарынан келетін тауарөндірушілер өздеріне серіктестер тауып, байланыс орнатуға жақсы мүмкіндік туады деп сенеміз», - дейді Салтанат Әбдікәрімова.
Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатова өңірден «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысушылар саны жыл өткен сайын артып келе жатқандығын айтты. Кәсіпкерлер осындай шаралар арқылы сенімді серіктестер табуға болатынына көздері жетіп, белсенділік танытуда. Мәселен, биылғы өңірлік байқауға бүгінгі күнге дейін 30-дан астам кәсіпкер қатысуға ниет білдіріп отыр, 1 мамырға дейін бұл көрсеткіш ұлғая түсуі мүмкін.
«Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқаулары жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. «Атамекен» ҰКП-сы шараны биылғы жылы үшінші рет ұйымдастыруда. Бұл байқаулар отандық тауарөндірушілерді қолдау аясында мемлекетімізде жасалып жатқан бірден-бір үлкен шара. Жыл сайын біздің өңірімізден де жергілікті тауарөндірушілер қатысып, жақсы жетістіктер көрсетуде. Өткен жылдың өзінде «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына облыстан қатысқан «Сыр маржаны» ЖШС «Іскер» номинациясын жеңіп алды.