Бүгін Өңірлік Коммуникациялар Қызметінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Аманжол Алдажаров Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттер бойынша салада атқарылған жұмыстар туралы брифинг өткізді.
Қызылорда облысына 2017 жылға "2017-2021 жылдарға арналған нəтижелі жұмыспен қамту жəне жаппай кəсіпкерлікті дамыту" бағдарламасының жүзеге асырылуына 3,7 млрд. теңге бөлінді. Бағдарламаға қатысушы ретінде 3308 адам енгізілді. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 3344 адам қамтылып, 3302 адам жұмысқа орналасқан.
А. Алдажаров, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- 2017 жылы облыс халқын жұмыспен қамтуға ықпал жасау жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Жоспар аясында 32884 жұмыссыз бен өз бетінше жұмыспен қамтылғандар тартылатын болады. Аз қамтамасыз етілген азаматтарға келер болсақ, 2137 адамға 47,6 млн. теңгеге шартты ақшалай көмек тағайындалып, 1730 адамға 29,0 млн. теңгеге көмек төленді. Жоба аясында əлеуметтік келісім шарт негізінде шартты ақшалай көмек алушылардың қатарындағы 432 еңбекке жарамды жұмыссыз азаматтардың барлығы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылып, 226 адам тұрақты жұмысқа, 200 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 5 адам жастар тəжірибеінен өтуге, 1 адам əлеуметтік жұмыс орнына жіберілді.
Оңалту бағдарламаларының орындалуына облыс бюджетінен 2017 жылға 414 млн. теңге бөлінген. Үш мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандарды кресло-арбалармен, балдақ, жетек арбалармен қамтамасыз етуге 104,0 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Тірек қимыл аппараты бұзылған жəне психоневрологиялық патологиясы бар 186 балаға күндізгі стационар жағдайында арнаулы əлеуметтік қызметтер көрсетілуде.