ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА АЙМАҚТА АПАТТЫ МЕКТЕПТЕР БОЛМАЙДЫ
Облыстағы 11 мектептің құрылысын жүргізу үшін өңір бюджетінен 4,1 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, 8-і пайдалануға берілді, қалғаны тамыздың 25-де тапсырылады.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
Өткен жылы 1-сыныптан бастап жаңартылған білім беру мазмұны өзгертіліп оқытылу басталды. Бастысы бағалау жүйесінде, білім беру оқулықтары өзгертілген. Сонымен бірге, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшуді ұйымдастыру бойынша облыста 46 инновациялық мектептер жұмыс жасауда. Бүгінгі кезде Назарбаев зияткерлік мектебі және олардың базалық мектептері тәжірибесінің негізінде инновациялық білім беру ұйымдарындағы 5-11 сыныптар аралығында ағылшын тілі пәні аптасына 5 күн оқытылады.
Сондай-ақ, биылғы жылы 2221 түлек ЖОО-ның грантына қол жеткізген, оның 162-і облыс әкімінің арнайы грантына ие болатындар. ҰБТ-ға қатыспаған мектеп бітірушілер болса колледждерде білім алуларына мүмкіндіктері бар. Биыл 62 бала Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарына түсті. Алдағы жылы Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларының жоғары оқу орнын 82 бала бітіріп келеді.
Баспасөз-конференцияда мектепке дейінгі тәрбие ордаларының мәселесі де сөз болды. Балабақша балаларын тасымалдайтын көліктер ендігі жерде МАИ қызметінен арнайы рұқсат алады. Көліктер сары түске боялып, сары түсті дабыл белгісі орнатылуы қажет.