"Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасына мемлекеттік бюджеттен 5,1 млрд. теңге бөлінді. Бағдарлама бойынша қаржыландырудың барлық көздері есебінен 620,8 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 249 км инженерлік желі жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов әкімдікте өткен І тоқсанды қорытындылаған мәжілісте айтты.«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін дамытуға мемлекеттік бюджет есебінен барлығы 5,1 млрд.теңге қаржы бөлінді, оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына – 1,8 млрд.теңге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобаларын іске асыруға – 3,3 млрд.теңге бағытталып отыр. Бұл қаржыға Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан екі 45 пәтерлік, 60 және 70 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлердің, Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде 24 және 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысы және облыс көлемінде 17 жоба бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылыстары жүргізілетін болады.
Бұған қоса, жалпы сомасы 15,7 млрд.теңгені құрайтын 35 жобаның құрылысын республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мақсатында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылып, 6,5 млрд.теңгені құрайтын 25 жобаның құрылысын қаржыландыру қолдау тапты. "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында қаржыландырудың барлық көздері есебінен 620,8 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 249 км инженерлік желі жүргізіледі", - деді облыс әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар, республикалық бюджет комиссиясының шешімімен 6,5 млрд.теңгенің 25 жобасы мақұлданды. "Орда" жол картасы аясында Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 18 көпқабатты тұрғын үйлердің 4-5 қабатындағы пәтерлерді сатып алу үшін облыстық бюджеттен 2,0 млрд.теңге бөлінді. Үшжақты келісім бойынша құрылыс компаниясы осы жылдың қыркүйек айында үйдің құрылыс жұмыстарын бітіруі қажет.
Облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменовтың айтуынша, Ұлттық банк "7-20-25" бағдарламасының жобасын әзірлеуге кірісті. Бұл бағдарлама жұмыс істейтін азаматтарды қолжетімді ипотекамен қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі кезде әрі қарай несиелік баспана салу мақсатында Сырдарияның сол жағалауында үй салу бойынша жалпы құны 1,7 млрд.теңгеге бағаланған 4 жоба (4 үй, 200 пәтер, 11,8 мың ш.м.) әзірленді. Одан бөлек, 7 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өз кезегінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев "7-20-25" бағдарламасының өңір тұрғындары үшін маңыздылығын айта келіп, құрылыс жұмыстарының сапалы және дер кезінде орындалуын қамтамасыз ету үшін тапсырма берді.
Естеріңізге сала кетсек, соңғы 5 жылда Қызылорда облысында баспана салу көлемі 2 есеге өсті, 2013 жылы 270,0 мың ш.м., ал, 2017 жылы 612,3 мың ш.м.-ге артты. Қызылорда қаласында 14 мөлтек аудан, 2 млн ш.м. тұрғын үй салынып, 7 мың отбасы баспанамен қамтылды.