А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» атты Қызылорда қалалық педагог қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.
Мәртебелі жиын барысында қалалық білім бөлімінің басшысы Ақарыс Нұрсейітов және бірқатар білім беру мекемелерінің басшылары баяндама жасады. Онда қаламыздағы білім саласының даму қарқыны жөнінде кеңінен баяндалды.
– Білім берудің жаңа инновациялық тәсілдерін қолдана отырып білім алушыларға барынша жағдай жасау – қоғамымыздың алға қойған мақсаттарының бірі. Бұл бағытта қаламызда ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, үстіміздегі жылдан бастап «Электронды балабақша» автоматтандырылған жүйесі 237 мектепке дейінгі білім беру ұйымына енгізілді. Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан жаңартылған білім мазмұны бойынша 1,2,5,7 сыныптарға сабақ беретін 4003 мұғалімнің жалақысы 30 пайызға артты. Жаңа оқу жылынан бастап 3,6,8 сыныптарға сабақ беретін 1545 ұстаздың жалақысы 30 пайызға көбейетін болады, – деді ол.