Қызылорда қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаланың бас жоспарына түзетулер енгізу жобасы талқыланды. Сессия отырысына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова қатысты.
«2018-2020 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізуге байланысты қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова мәлімдеді. Мәселен, Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 18 тұрғын үйдің №1, 2 кварталының инженерлік желілерінің құрылысын бастауға бірталай мөлшерде қаржы қаралды. Оған газбен қамту, телефон жүйесі, абаттандыру кіреді.
Сонымен қатар, Қызылжарма ауылы мен Тасбөгет кентіне қарасты 15 көшеге қиыршық тас жол төсеуге жоба-сметалық құжаттама дайындалды. Қазір мемлекеттік сараптамадан қорытындысын алып, жұмыс басталғалы тұр. «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында Байтұрсынов көшесінен Тоқмағанбетов, Қорқыт ата көшелеріне дейінгі ауыз су жүйесін қайта жаңғырту қаражатын көбейту жоспарлануда.