Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ БАС ЖОСПАРЫНА ТҮЗЕТУЛЕР ЕНГІЗІЛЕДІ


Қызылорда қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаланың бас жоспарына түзетулер енгізу жобасы талқыланды. Сессия отырысына қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қалалық мәслихат хатшысы Роза Боханова қатысты.
Сессия отырысында ұсынылған мәселелерге орай қала әкімі:
– Қала аумағының көлемі бұған дейін 11 мың гектарды құрады. Жаңа жоба бойынша 19,6 мың гектарға ұлғайтылып, есептік мерзімі 2025 жылға дейін халықтың өмір сүру ортасын қалыптастырумен қоса шаруашылық-экономикалық және перспективалық даму бағыттары есепке алынды. Барлық инженерлік инфрақұрылым сызбаларына өзгерістер енгізіліп отыр. Бұрынғы бас жоспар құрамынан Қызылжарма, Тасбөгет кентінің шекаралары алынып, қала аумағына Қызылорда-Жезқазған трассасы бойындағы жалпы көлемі 980, 150 және 670 гектар аумақтары енгізілді, – деді.
Жеке тұрғын үй құрылысы енді жаңадан қалыптасып жатқан «Бәйтерек» тұрғын ауданына қарай дамиды. Ал, көпқабатты тұрғын үй құрылысы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаланы қарқынды дамытуды қалыптастырады. Алдағы уақытта «Бәйтерек» ауданынан көлемі 3800 гектар аумақты ашу жоспарланып отыр. Бұл жер кезегінде тұрған 22 мың азаматтың сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
– Сонымен қатар, қала шеңберіндегі елді мекендердің қатарында болмауына байланысты инженерлік желілерімен қамту мүмкін болмаған бірқатар саяжайлардың мәселесі шешімін тауып отыр. Яғни, бас жоспарға өзгерістер енуіне байланысты осы уақытқа дейін тұрғындар тарапынан жол, ауыз су, жарық мәселесі жиі көтеріліп келген «Сабалақ», «Эдельвейс», «Орбита» саяжайлары қала аумағына енгізілді. Енді аталған аумақтарда облыс орталығының бір бөлігі ретінде олардың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен қажетті қаржыны еш кедергісіз бөлуге мүмкіндік туады, – деді қала басшысы.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: