Жыл басынан 24 азық-түлік бағасында өсім байқалған
Күнделікті жүргізіліп отырған мониторинг бойынша бүгінгі күнге облыстың ішкі нарығындағы әлеуметтік маңызы бар 33 негізгі азық-түлік тауарларының бағаларында жыл басынан салыстырғанда 24 өнім бойынша өсім байқалса, 7 түрлі өнімнің бағасы төмендеген, соңдай-ақ 2 өнім бойынша бағалар бір қалыпты тұр.
Бүгінгі күні облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында 1 жұмыс тобы, 1 тұрақтандыру қорын басқару комиссиясы және 1 штаб жұмыс жасайды. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан күнделікті азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізіліп отыр. Апта сайын азық-түлік өнімдерінің ең төменгі бағада сатылатыны БАҚ арқылы жарияланып тұрады.
2014 жылдың ақпан айында «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ жарғылық қорын ұлғайту арқылы «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС 1-сортты ұн, қант және ақ күріш бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында аталған тауарларды сатып алуға 200 млн. теңге бөлді.
Биылғы жылдың 13 наурызында облыста 1 сортты нан, 1 сортты бидай ұнының бағасын тұрақтандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ, «Астық Транс» АҚ және Қызылорда облысының әкімдігі арасында қол қойылған меморандумға сәйкес, Қызылорда облысына тоннасы 49,5 мың теңгеден ақпан-қазан айлары аралығында 15 837,5 тонна ұн бөлініп, облысқа жеткізілді.
Меморандумның мерзімі аяқталуына байланысты және әлеуметтік ұн мен нанға қажеттілікті ескере келе, ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан республика бойынша 1 сортты ұнның және 1 сортты әлеуметтік нанның бағасын тұрақтандыру бойынша мәселелер көтеріліп, нәтижесінде қазан айында ҚР экономикасын модернизациялау Мемлекеттік комиссия отырысының шешіміне сәйкес, үстіміздегі жылдың қараша, желтоқсан айларына астық бөлу жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ, Қызылорда облысының әкімдігі арасында меморандумға қол қойылып, Қызылорда облысына тоннасы 49,5 мың теңгеден қараша, желтоқсан айына 6 710,1 тонна астық (4 697,07 тонна ұн) бөлінсе, бүгінгі күні осы көлемнің алғашқы 340 тоннасы жеткізіліп әлеуметтік-сауда дүкендерінде 54 теңге көтерме бағада, 56 теңгеден бөлшек саудада сатылуда. Осы шараларға сәйкес, қала бойынша әлеуметтік нанның орташа бағасы 40 теңгені облыс бойынша 44 теңгені құрап отыр.
Жыл басынан бері облыс тұрғындарын сапалы және арзан бағада картоп, көкөніс және басқада ауыл шаруашылығы өндеу саласының өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында халықтың көп шоғырланатын жерлерінде 60 мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізіліп, 266,4 млн. теңгенің өнімдері нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен сатылды.
Қызылорда қаласының және барлық аудандардағы ірі жабдықтаушылар мен өнімді өндірушілер арасында негізгі азық-түлік тауарларын 5-10 пайыздық үстемеден асырмай сату жөнінде 46 меморандумға қол қойылған.