Бұл туралы елорданың ресми сайты "Қазгидрометке" сілтеме жасап хабарлайды деп жазады "Қазақстан жаңалықтары".
Қазан айының қара суығынан кейін қараша айының алғашқы екі аптасында күн жауын-шашынды болып, жылылық сақталады.
Алайда, қарашаның үшінші он күндігінде аяз күшіне енеді. Синоптиктердің болжамынша, түнде ауа температурасы – 26° төмендесе, күндіз – 20° дейін суытады.
"Желтоқсан айы суық болады деп болжануда. Бұл кезде ауа температурасы түнде – 25 ° - 30 °, күндіз – 20 ° - 25 ° төңірегінде болады. Ұзақ мерзімді болжам бойынша Жаңа жылды ұшқынды қармен және аязды күндермен қарсы алуымыз әбден мүмкін", - дейді Астана қаласы "Қазгидромет" РМК Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы Гүлмира Ардашқызы.
Ал, қаңтар айында қыс қаһарына мінеді. Бұл кезде ауаның сынап бағынасы – 43° жетеді. Күндіз – 25° – 30° аяз сақталады.
"Қыстың қатты болуы біздің климатымыз үшін үйреншікті. Ешқандай ауытқусыз деуге болады. 2012 жылы желтоқсан айының 15-де қақаған аяз – 40 ° жеткен болатын. Дәл осы 15 желтоқсанда ең төменгі минимум -44 ° жетті. Біз осындай қақаған аязды күтіп отырмыз", - дейді мекеме басшысы.
Ал, көктемде құбылмалы ауа райы сақталып, суық күндер көктемнің жайма шуақ күндерімен алмасады.