Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

«Аралтұз» АҚ 90 жылдығын атап өтті

Бүгін Арал ауданы Жақсықылыш елді мекенінде «Аралтұз» АҚ 90 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Мерекелік шараға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов қатысты.
Меймандар алдымен зауыт жұмысымен танысты. Ғасырға жуық тарихы бар «Аралтұз» - йодталған ас тұзын шығаратын республикадағы жалғыз кәсіпорын. Мыңға жуық жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның өніміне елімізде ғана емес алыс-жақын шет мемлекеттерден де сұраныс жоғары.
Келешегі кемел тұз өндірісін дамыту - индустриялық саясаттың басым бағыты. Бұл ретте Елбасы басты міндеттердің бірі ретінде қолда бар минералдық шикізаттық әлеуетті тиімді пайдалануды, өндіріске инновациялық технологияны енгізуді тапсырған. Халықаралық стандартқа сай тірлік етіп, бәсекеге қабілеттілікті арттырған «Аралтұз» бүгінде күллі Қазақстанның бетке ұстар кәсіпорнына айналды.
Үдемелі индустриялық-инновациалық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорын өткен жылы инвестиция көлемі екі миллиардтан астам теңгені құрайтын жаңа испан технологиясын өндіріске енгізді.
Сол арқылы еңбек өнімділігін 2 есеге ұлғайтты, яғни бұрын кәсіпорын айына 5-6 мың тонна тұз өндірсе, енді тұз көлемін айына 12-13 мың тоннаға дейін жеткізді. Нәтижесінде тек Ресейге өнім шығарған кәсіпорын, сыртқы нарықты кеңейтіп ТМД мен Еуропа елдеріне өз өнімін шығара бастады. Бұл өз кезегінде экспортқа шығарылған өнім көлемін үстіміздегі жылы 8 айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,6 есеге арттыруға ықпал етті.
Кәсіпорынның 90 жылдық мерекесіне арналған салтанатты шарада жеткен жетістіктер мен алдағы жоспарлар айтылды. Жалпы, мерейтойға арналған құттықтаулар еліміздің түкпір-түкпірінен келген.
– Еркін бәсекенің бабын тауып, қабілеттілігін жұмыс нәтижесімен көрсеткен кәсіпорын ел мақтанышына айналды. Өзгелер экономикалық қиыншылық кезеңді бастан өткеріп жатқан шақта «Аралтұз» жұмыс ауқымын көбейтіп, қызметкерлер санын арттыруды жоспарлауда. Оған қоса, кальций қосылған сода шығару секілді ірі жобалар жүзеге аспақ. Осылайша Арал дағдарыстан дамушы аймағына айналып отыр. Елбасы аймаққа сапарының бірінде «Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген болатын. Бул Аралдың өсіп-өркендегенін көрсетеді. Баршамызға ортақ мереке құтты болсын, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Салтанатты шара барысында мекеменің 200-ге жуық үздік қызметкері мемлекеттік награда, төс белгі, Құрмет және алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік шара ат бәйгесімен және эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гола-концертпен жалғасты.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: