ҚЫЗЫЛОРДАДА АУЫЗ СУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖАҒДАЙ ТОЛЫҚ БАҚЫЛАУДА
Қызылорда қаласы бойынша қазіргі сәтте Сырдария мөлтек ауданында су болмай тұр.
Мүсірәлі Әжіқожа көшесі бойындағы су құбырының жарылу себебіне байланысты осындай келеңсіз жағдай орын алды.
Қазір қалпына келтіру бойынша қаланың барлық күші жұмылдырылды. Осы сәтте 20-ға жуық техника, 30-дан астам адам күні-түні жұмыс істеуде. Жағдай толық бақылауда.
Жалпы қаладағы су құбырларының басым бөлігі 1968-жылы салынған. Үздіксіз 50 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан құбырлардың әбден тозығы жетіп су қысымын көтере алмай әр жерден тесілуде. Мұндай жағдай еліміздің басқа аймақтарында өзге қалаларында да болып тұрады. Барлық инфрақұрылым жүйесі ескіріп көбісі істен шығуда. Бірақ оларды қалыпқа келтіру мақсатында елімізде инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бар, бекітілген. Елбасы Жарлығымен жүзеге асып жатқан осы бағдарлама негізінде Қызылорда қаласының да инфрақұрылымы біраз жаңарды. Осы күні қаладағы су құбырының басым бөлігі жаңасына ауыстырылды.
"Қарашаның желді қара суығында ешкім қол қусырып отырған жоқ. Арнайы бригаданың жігіттері күні-түні сол жерде. Суық суды кешіп жағдайды тезірек қалыпқа келтіру үшін бар күштерін салуда. Сәл сабырлық танытып түсіністікпен қарасақ деген тілегіміз бар", - деп жазылған Қызылорда қалалық ішкі саясат басқармасы таратқан хабарламада.