Қызылорда қаласы Сыр өңірінің тарихында үлкен орын алатын, Қазақстан жерінде белгілі қала болып табылады.1818 жылы Ақмешіт қамалын Қоқанның ханы Омар салдырыпты. Қамалды салдыртудағы Қоқан ханының мақсаты – Хиуадан, Бұхардан, Самарқаннан Ресейдегі Орынбор, Троицк және басқа қалаларға шығатын «Жібек жолы» бойымен жүретін керуендерді қорғау, Сырдария және «Жібек жолы» бойындағы тұрғындармен сауда-саттық ұйымдастыру, олардан уақытылы салық, зекет алу, жинау болатын. Бір жылдан кейін бұл қорғанды дарияның оң жағына шығарады.
Қазіргі қала орнында, дария бойында азды-көпті ауылдар көшпенділер мекен-жайлары болатын.
Ақмешіт қамалы әдепкі кезде кішкентай ғана бір-екі жергілікті құм, балшықтан салынып, құрастырылған үйлерден
тұрыпты.
1853 жылы маусым айында орыс әскерлері Ақмешіт қамалын қоқандықтардан тартып алды. Қамалды аларда орыс әскерлеріне көмектескен 2 мыңдай жаяу әскер, 4 мыңдай атты әскер, Орал қазақтары, башқұрлар жиырмадан астам зеңбіректер қатысқан.
Қазақ ішінен Әлкей және Мұхамеджан сұлтандар орыс әскерлеріне Ақмешіт қамалын қоқандықтардан босатуға көмектескен.
1853 жылы 31 тамызда Ақмешіт қамалы Орынбор генерал-губернаторы Перовский атына беріліп, қала – форт Перовск болып атанды.
1864 жылы көктемде орыс әскерлері қазақ даласының оңтүстігіне қарай жылжып, Түркістан, Шымкент, Әулие-ата, Ташкент қалаларына назарын тікті. Бұл қалалар біртіндеп Ресей патшалығына бағына бастады. 1867 жылдың тамыз айында Түркістан-генерал губернаторы құрылып, Сырдария қорғаныс линиясы терең тылда қалып Перовск уездік қала болып қалды.
Қала болып Перовск атына ие болу 1867 жылдан басталады. Қызылорда 1922 жылға дейін Перовск атымен аталса, Қазан төңкерісінен кейін, «Ақмешіт» атауын алды. 1925 жылы 19 сәуірдің жұлдызында бүкіл Қазақстан Советінің 5-ші съезінде Ақмешіт Қызылорда қаласы және Қазақстанның астанасы болып аталсын деп қаулы шығарды және Қазақстанның орталығы Орынбор қаласынан Қызылордаға көшірілді.
Астананың Ақмешітке көшірілуі мәдени, экономикалық бағытқа даңғыл жол ашты. Бұрыңғы Түркістан, Сібір республикаларында ел басқарған азаматтардың шоғыры Ақмешітке жинақталған, зиялы қауым қалыптасты. Қазақтың қара шаңырағы – «Еңбекші қазақтың», жазушылары одағының іргесі қаланды. М.Әуезов атындағы театр шаңырақ көтеріліп, көп ұзамай өз сахнасында «Еңлік-Кебекті» қойды.
Қызылорда бар-жоғы төрт жылдай Қазақстанның астанасы болды. Жаңа ғимараттар, оқу орындары бой көтерді. Мәдениет, әлеуметтік өмірде көп өзгеріс болды.
1938 жылы облыс орталығына айналды. 20 ғасырдың 30 жылдары қалада электр станция, диірмен, наубайханалар, балық өңдеу, күріш, кірпіш зауыттары жұмыс істеп тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары аяқ-киім фабрикасы, ет комбинаты, астық өнімдері комбинаты, сүт зауыты, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын маталар істеп тұрды.
Кейінгі жылдары қаланың архитектуралық келбеті жаңарып, тарихи орындар қайта жаңғыртылды. Жаңа әуежай, Аквопарк, Сарқырама каналы, Жағажай, жаңа облыстық кітапхана ғимараты, жаңа мешіт, Астана мөлтек ауданы салынды. Саяси құғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш, Қорқыт Ата, Абылай хан, Амангелді Иманов, Мұхтар Әуезов, З.Шүкіров, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Тәжібаев мүсіндері орнатылған. Қала келбеті өзгеріс құшағында. Жаңадан Жалаңтөс Баһадүр, Қобыланды батыр, Бұқарбай батыр, Сыр бойының батырлары, «Сыр ана», «Сазгер» ескерткіштері ашылды.
Қызылорда қазір өрлеу үстінде. Мұнда мұнайдың мол қоры бар. Қалаға «көгілдір отын» келді. Егін, мал шаруашылығы өсуде, тұрғын үй құрылысы өрістеуде. Бүгінде өнеркәсіпті дамыту, сапалы да пайдалы өнім өндіріп, әлемдік рынокке шығу бағытындағы жұмыстар қолға алынуда. Табиғи байлықтары тұнып жатқан Сыр жерінің қойнауынан кеніштерді тауып, зерттеп, оларды халық игілігіне айналдыру жүргізілуде.