Сырдария ауданы Шіркейлі ауылының тұрғыны Бексұлтан Сайлаубеков мемлекеттік бағдарламамен жастарды қолдау бағыты бойынша 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Сол қаржыны пайдалана отырып, өзінің алға қойған мақсатын жүзеге асырып отыр.
– Бұл қаржыға «BS Studia» атты фото-видео студияны аштым. Қазір бізде елге қажетті қызмет көрсететін бірнеше құрал бар. Кез келген бағытта фотоға түсіреміз, көне суреттерді жаңартамыз. Фотоаппарат пен камераға тойыңызды түсіріп, қуанышыңызды бөлісеміз. Ыдыс-аяқтарға сурет жабыстырамыз. Ең тамашасы, бізде Қызылордада жоқ жоба бар. Ол – шамға сурет жапсыру. Күндіз кәдімгі айна болып тұрады, түнде жарық түсіретін шамға айналады. Бұған тапсырыс көп. Өкінішке орай қазір шекара жабылған соң шикізатты ала алмай отырмыз, – дейді ынталы жас.
Қазірдің өзінде жұрттың той-қуанышына арналған альбомдар мен видеолар әзірлеп жүрген жастар болашақта тойға арналған безендіруді қолға алмақ. Шіркейлі ауылымен қатар, Бесарық, Қоғалыкөл, Н.Ілиясов және Шаған ауылдарына қызметтер ұсынып жүр.