Бүгін түстен кейін Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылдық округінде әкімдердің халық алдында есеп беру шарасы өтті. Онда қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, округ әкімі Медет Сейілов, учаскелік полиция инспекторы Асхат Асанов жергілікті тұрғындармен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралады.
Былтыр ауылда 100 орындық мешіт ел игілігіне пайдалануға берілді. Сондай-ақ, бұл округте жыл сайын дәстүрлі түрде 35 мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жасөспірімдерге көмек көрсетіліп келеді.
Бүгінде аталған ауылда мал шаруашылығы кеңінен қанат жайған. Былтыр «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында «Азат» шаруа қожалығы 5 млн. теңге қаржы алып, шаруашылығын дамытуда. Сонымен қатар, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» мекемесінен «Әкежан» шаруа қожалығы 8 млн. 500 мың теңгеге 60 бас мүйізі ірі қара әкеліп өсіруде. Айта кету керек, өткен жылы округте «Нұр Төбе» өндірістік кооперативі құрылып, онда 25 отбасын біріктірген.
Сондай-ақ, былтыр ауыл көшелерінің жөндеу жұмыстарына қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, Бейбітшілік, Аманкелді көшелері жөндеуден өтті. Жиын соңында тұрғындар әкімдерге көкейінде жүрген сауалдарын жолдап, аталған сұрақтарға билік тарапы жауап берді.