Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ЖАС КӘСІПКЕРДІҢ ЖАҢАШЫЛ ЖОБАСЫ


Бүгінде әрбір ата-ана балаларының біліміне барынша көңіл бөліп, жан-жақты болуына жағдай жасауда. Соған орай оңтайлы кәсіп түрі оқу орталықтарын ашу болып тұр. Әрине, орталық барлық талаптарға сай, өрендердің интеллектуалдық ой-өрісін дамытуға қабілетті болуы шарт. Осы бағытта Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылында жеке меншік оқу орталығы ашылды.
Өз кәсібін ашпас бұрын Қуаныш Дәуренбеков облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Бизнес-кеңесші» оқуына қатысып, бизнес негіздерін оқыту-тәжірибелік курсына қатысты. Оқу орталығында қажетті дүниелерді зердесіне тоқыған ол аз ғана уақыттың ішінде өз кәсібін дөңгелетіп үлгерді.
– Оқу орталықты ашу ісі қаржыға тіреледі. Ал, оған қол жеткізу мақсатында мемлекет тарапынан түрлі қолдау жасалған. «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы инновациялық жобаларға арналған байқау арқылы мен 500 мың теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткіздім. Оған осы орталықты ашып отырмын. Қазір мұнда тұрақты түрде 1 менеджер бар. Сондай-ақ, 4 мұғалім сабақ беріп, 1 логопед қызмет көрсетеді, – деді Қуаныш Дәуренбеков.
Оқу орталығында бастауыш және жоғары сынып оқушыларына математика, ағылшын тілінен тереңдетілген ментальді арифметика сабақтары өткізіледі.
Одан бөлек, тұрғындардың сұранысы бойынша логопед кабинеті жұмыс істейді. Онда арнайы Ақтөбе қаласынан бітіріп келген маман балаларға қажетті ем жасап, дұрыс сөйлеуді үйретеді. Ашылған екі ай ішінде жас маман үш баланың сөйлеу қабілетін қалпына келтірген.
– Қазіргі таңда логопед маманына сұраныс жоғары. Көбіне мектеп жасына дейінгі балалар келеді. Балалардың диагнозы әртүрлі. Көбіне дыбыс қоюға және тіл мүкістігі байқалады. Келген балғындарға жан-жақты көмегімді беремін, – дейді логопед маман Гүлназ Ерланқызы.
Бүгінде орталықта 50 оқушы білімін шыңдауда. Аптаның 6 күнінде сабақ өткізіледі. Оқу ақысы да қалтаға қонымды. Болашақта кәсіпкер IT паркте резидент болып, виртуалды оқыту жүйесін енгізуге және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бизнес-инкубатор оқу орталығымен бірігіп, мобильді жұмыс жүйесін іске қосуға жұмыс жасауда. Қазан айында басталғалы тұрған жаңа жоба мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы болмақ.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: