Арал ауданы Құланды ауылдық округінде балық шаруашылығы серпінді дамып, балықшаруашылығына ден қойғандардың қатары артқан.
Мәселен, өткен жылдың өзінде ауылдық округке қарасты Ақбасты елді мекенінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға бағдарламасы» аясында ауыл тұрғыны Жандос Құлманов балық сақтау цехын ашса, ауыл тұрғыны Ернар Құлжанов балықтан бұқтырылған консервы шығару цехын іске қосқан.
Бұдан бөлек, «Ақбасты» өндірістік кооперативі ауыл көлемінде 30-ға жуық балықшының ауланған балықтарын қабылдап, аудан орталығына жеткізіп, ауыл тұрғындарын маусымдық жұмыспен қамтып отыр.
Негізінен балық шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы өркендеген ауылдық округте 2019 жылы түйе – 2448 басқа, мүйізді ірі қара – 585 басқа, уақ- мал – 822 басқа, жылқы – 2101 басқа жеткен.
Жергілікті тұрғындардың сұранысына сәйкес «Ақбасты ауылдық клубын жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, өткен жылдың тамыз айында тиісті жұмыстар атқарылған.
«Бизнес Бастау» жобасы бойынша білім алған тұрғындар арасында Айдана Ержанова кондитерлік өнім өндіру бойынша 250 мың теңге, Асанхан Кішкенеев алюминийден қайық жасау жобасы бойынша 505 теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, жұмыс жасауда. Сонымен бірге, А.Ержанова «Өңірлік инвестициялық орталығынан» 1400 мың теңге қаржы алып, мал шаруашылығын дамытуда.
Сонымен қатар, салық түсімдерін 100 пайызға орындаған ауылдық округте ауылдық қоғамдастық мүшелерінің қолдауымен тарихи мұра есебінде ауыл орталығы мен кіреберісіне 2 кеме орналастырылып, елді мекенді абаттандыру мақсатында ауыл шетіндегі «Бурабай» ыстық су моншасын жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, халық сұранысы бойынша ауыл бөгеттерін жөндеу, бекіту жұмыстары да қолға алынған.