Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ЕГІН ЖАЙДАН ЕСКЕН ЛЕП


Сыр өңірінде күзгі леп сезіліп тұр. Күннің райы суытып кетпес бұрын барлық астықты жинап алуы қажет. Қарбалас шақ тым жақын. Оны диқан қауымының бүгінгі тірлігінен аңғаруға болады. Биыл қалаға қарасты ауылшаруашылығы құрылымының барлық нысанында 7686 гектар жерге дақылдар орналастырылды. Оның ішінде гектармен есептегенде, 3743-і – күріш, 143-і – жаздық арпа, 221-і – жаздық бидай, 223-і – жаңа жоңышқа, 800-і – картоп, 943-і – көкөніс, 2 гектары сұлы, 790-і – бақша дақылы. Өнім жинауға дайындық барысы қалай? Техникалар жеткілікті ме?
Осыған орай біз ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігімен танысу үшін жолға шықтық. Егін шаруашылығымен қалаға қарасты 4 елді мекен айналысады. Атап айтқанда, Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Ақсуат және Ақжарма ауылдық округтері. Әрқайсысы қызу дайындық үстінде. Соның ішінде Ақмешіттің күзгі ажарына сән беріп тұрған Сыр салысы ел әлеуетін көтеріп тұрған негізгі дақыл болса, ақ күріштің арқасында дəулеті артқан ауылдардың бірі – Қосшыңырау ауылы.
Ауыл әкімдігінің бас маманы Асқар Орманбекұлының айтуынша, мұнда Сыр маржанын егумен айналысатын 12 шаруа қожалығы бар. Былтыр барлығы 1330 гектар дақылын егіп, 6774 тонна көлемінде өнім жинаған. Мұндай қарқын биыл да өз жалғасын табуда. Соның ішінде жыл сайын «Манас» шаруа қожалығы белсенділік танытып келеді.
Аталмыш қожалықтың егіс даласына баруды жөн көрдік. Кең дала. Күріш алқабы жайқалып тұр. Енді бірер күнде басы сары дәнге бөленіп, айнала алтын түске айналатыны сөзсіз. Міне, күзді берекеге, алтын дәнге, молшылыққа теңейтіні содан қалған. Жайқалған алқапқа қарасаңыз, көз тоймайды. Иісі бөлек. Нағыз еңбектің жемісі тұр, көз алдымызда.
Расында да күріш өсірудің де қилы ауыртпашылығы бар. Бұл жайында бізге «Манас» шаруа қожалығының басшысы Манас Омаров айтып берді.
– Күріш егуді 2003 жылдан бері қолға алдым. Әрине, үлкен еңбекті қажет етеді. Кез келген тірліктің өз қиындығы болады. Айталық, сапалы ақ күріш алғыңыз келсе, оған жас баладай күтім керек. Қажетті қорегі мен түрлі дәрумендерін беру қажет. Күрішке де «көз» тиетінін ескерсек, түрлі ауруларға қарсы «екпе» де егіледі. Осының барлығы бейнеткеш диқанның маңдай тамшысына айналады. Ала жаздай атыз жағалап, дақылын баптаған егіншілеріміз бұйырған ел ырзығын төкпей-шашпай жинап алуды көздейді. Ал, ол мезгіл еңбегінің еленіп, тамшы тердің өтеуіндей болған кез егінге орақ түскен мезгіл, – деді қожалық иесі.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: