СУ ҚҰБЫРЫНДА ОРЫН АЛҒАН АҚАУ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛІП, АУЫЗ СУ ТОЛЫҚТАЙ БЕРІЛДІ
Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың 15 қарашасында Қызылорда қаласындағы ауыз су жүйесінде ақау орын алды. Нәтижесінде Арай-2 және Сырдария мөлтек аудандарында су уақытша тоқтатылды. Бүгінде жұмыстар ретке келтіріліп, тұрғындарға ауыз су толықтай берілді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов мәлімдеді.
Сонымен қатар, баспасөз конференциясына облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов, "Қызылорда су жүйесі" МКК директоры Тілеуберген Қаныбетов қатысты.
Аталған мәселені жедел шешу мақсатында қаладағы коммуналдық қызметтерден 20-ға жуық техника, 30-дан астам адам тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Ауыз су уақытша тоқтатылған мөлтек аудандағы әрбір 4 үйге 2 су тасушы көлікпен техникалық және ауыз су тасымалданып тұрды.
"Негізі дәл осы аумақта биылғы жылы жаңа су құбырлары жүргізіліп, 20 қарашаға дейін ауыз суды жаңа жүйеге қосу жоспарланған болатын. Қазіргі сәтте анықталғандай, ескі құбырдың 20-дан астам жерінде жарықтар пайда болып мүлде жарамсыз күйге түскен. Себебі, бұл су құбыры осыдан 50 жыл бұрын, яғни 1968 жылы салынған. Ал, негізінен құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкес темір құбырдың жер астында жату мерзімінің шыдамдылығы 22 жыл ғана. Құбырдың жоғары қысымды көтермейтіндігінің басты және негізгі себебі осы болып тұр", - деді Бектас Нұридинов.
Айта кету керек, бүгінде қалаішілік су құбырлары 60 пайыздан астам толық жаңартылған және Қызылжарма жер асты су кені арқылы 98 су ұңғымалары іске қосылып жер асты суына көшірілген. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде, биылғы жылы су құбырларының 10 пайызы жаңартылуда. Әлі де 30 пайызы жаңартуды қажет етеді.
Бүгінде ауыз су жүйесінің толық қарқынмен жұмыс жасауына кедергі келтіріп отырған мәселелердің бірі - құбырлардың ескіріп тозығының жетуі. Аталған мәселе қала әкімдігінің тікелей бақылауында.