Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ШЫҒЫС ӨРКЕНИЕТІН ПАШ ЕТКЕН


Мен Сыр өңірінде дүниеге келдім. Оны әрдайым мақтан тұтамын. Әр аймақтың өз ерекшелігі болады. Қызылорда жұртшылығы қонақжай мінезімен ерекшеленеді. Халқының 90 пайыздан астамын жергілікті ұлт өкілдері құрайды. Сыр топырағы – ата-бабамыздың ықылым заманнан сақталып келе жатқан дәстүрін берік ұстанған өңір. Алғашқы астана деген атқа ие Ақмешіттің бүгінгі келбеті қазіргі заманға сай, бүкіл сырбойылықтардың бойында «бұл – менің қалам» деген мақтаныш сезімін туғызатындай дәрежеде деп ауыз толтырып айтуға әбден болады.
Әсем қала Алматыда бірталай жылдардан бері тұрып, еңбек етсем де, туған жерім жүрегімнің төрінде жұлдыздай жарқырайды. Мен құрылыс саласында ұзақ жыл үздіксіз қызмет жасап келемін. Мамандығым құрылыс саласына қатысты болғандықтан, Сыр топырағына қадам басқан сайын, шаһардың архитектуралық келбетіне зер саламын. Соңғы жылдары жаңарған, жасарған, гүлденген туған өлкем Қызылорда қаласының көркіне көңілім толып, жан сарайым жадырап аттанып жүрмін. Әсіресе сол жағалаудағы жақұттай жарқыраған жарық шамдармен шағылысып, қазақы оюлармен өрнектелген еңселі ғимараттар қиялыңа қанат бітіріп, шығыс халқының өркениетін паш етіп тұрғандай әсер береді. Міне, осындай шаһардың әдемі келбеті әр келгенде болашақ арманыма қанат бітіріп, рухани кемел күш-қуат сыйлайды. Менің қолтаңбам бұдан бұрын ару Астананың ғимараттарында айшықталса, келешекте Қызылорда қаласында өрнектелсе деп армандаймын. Зеңгір көкпен таласқан зәулім үйлер, халық игілігіне қызмет етіп жатқан әлеуметтік нысандар бас шаһардың келбетін нұрландырып тұр. Сан түрлі бояумен көмкерілген гүлзарлар қала тынысын аша түскендей.
Әсіресе, маған ерекше әсер сыйлағаны – қаланың орталық алаңындағы Еңбек аллеясы. Бұл – еңбек адамдарын құрметтеу арқылы жастардың бойына, таным-түсінігіне ел дамуы тек еселі еңбекпен шындыққа айналатынын түсіндіру. Себебі, Ыбырай Жақаев – ерен еңбегінің арқасында абыройға кенеліп, бақытын еңбектен тапқан қайталанбас тұлға. Сыр өңірінің өзінен 102 Социалистік Еңбек Ері шыққаны қандай мақтаныш. Даңқты атамыздың салған даңғыл жолын жалғастырып, туған жердің перзенттері Абзал Ералиев пен Юрий Пянның Қазақстанның Еңбек Ері атанғанын естігенде осы жердің тумасы болған соң мерейіміз өсіп қалғаны шындық. Қалай десек те, Сарыарқа төсіндегі жаңа Астанаға қарап бой түзеген менің сүйікті қалам болашақта ғажайып шаһарға айналарына сенемін.


Сәрсенбек ӘБУОВ,
Қазақстанның Құрметті құрылысшысы,
Алматы қаласы.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: