Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

САМАЛАДАЙ ЖАРҚЫРАҒАН САЯБАҚ


Қызылорданың сәулетін келістіріп тұрған мәдени орынның бірі – Тұңғыш Президент паркі. Қалаға келген қонақтардың көз жанарына ілігетін, сәні мен салтанаты жарасым тапқан парк жанға сая болар таптырмас мекенге айналғалы 10 жылдан асып барады.
Жұмыстан қол үзіп, отбасымен бірге кешкі Қызылорданың келбетін тамашалау үшін қызылордалықтар шаһардың шырайын келтіріп тұрған демалыс орнына барып, бой жазып қайтады.
Самал желдің аясында қос ғашық, бір-бірін қуалаған балалар мен жас отбасылар саябаққа кеш қарайғанға дейін таза ауаны тыныстауға асығады. Аспалы шамдары, таза ауасы, жасыл бағы, хош иісті гүлдері бар парк қызылордалықтардың көңілін көтеруге қызмет жасап тұр.
Президент паркі қашан ашылды? Өткенге көз салсақ, осыдан 10 жыл бұрын Сыр аймағына мемлекеттік сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаланың басты демалыс орнына айналған ҚР Тұңғыш Президенті саябағын салттанатты түрде ашқан. Мамандардың айтуынша, демалыс орнын салуға 264 млн.теңге қаржы жұмсалған. 25 гектар жерді алып жатқан саябақта бұрындары 25 мың түп ағаш отырғызылған, қазіргі қарқын 40 мың түп ағашқа жетіп, саябақ жасыл желекке айналды. Отырғызылған ағаштардың дені қылқанжапырақты, жеміс ағаштары мен теректер.
Елбасы паркі жанында жыл сайын ел үшін маңызды іс-шаралар өткізіледі. Соның нәтижесінде парк жанынан ардагерлер аллеясы ашылды. Сондай-ақ, жыл сайын президент алаңында қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары өнер көрсетіп, қызылордалықтарды ән-думанға бөлейді.
Ой еңбегінен алыстап, серуендеуді мақсат еткен адамдарға шаһарда демалатын орындар жетерлік. Әрбір орынның өзіндік мәдениеті, аурасы бар. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы саябағы жайлы орта, жанға тыныс сыйлайтын өткен күнді ой елегінен өткізуге мүмкіндік беретін алаң бола бермек.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: