Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ҚАМЫСҚАЛАДАН ҚЫЗЫЛОРДАҒА ДЕЙІН


Дария бойындағы қазақтардың Қа­мысқала атты елді мекені 1817 жылы Қоқан хандығынан қорғану үшін салынған бекініс болатын. 1818 жылы жұртшылық жаңа бекіністі алыстан көрінетін ме­шітке байланыстырып, Ақмешіт деп атап кетті.
1847-1848 жылдары орыс билігін мойындамаған қазақтарды бағындыруға және Орта Азия хандықтарының шекарасына жақындай түсу мақсатында патшалық Ресей Сырдарияның төменгі ағысының бойына Райым, Қазалы форты секілді әскери бекіністер сала бастады. Сөйтіп, орыс әскерлеріне біртіндеп Сырдарияны бойлап жоғары жылжуға және қоқандықтардың ірі бекіністерінің бірі Ақмешітке кіруге жол ашылды. 1853 жылы 28 маусымда Орынбор генерал-губернаторы басшылық жасаған орыс әскерлері бірнеше күн қоршап, зеңбірекпен атқылап, Ақмешітті басып алды.
Осылайша Ресей патшасы Қоқан және Хиуа хандықтарына саяси қысым көрсетуге мүмкіндік алып, сыртқы саясатының маңызын арттыра түсті. Осы жылы генерал В.А.Перовскийдің құрметіне бекініс Перовск форты деп аталды. 1867 жылы Перовскіге қала мәртебесі беріліп, уезд орталығына айналды.
1901-1906 жылдары қала үстімен «Орынбор-Ташкент» темір жолы жүр­гізілді, депо, бүгінгі вокзал ғимараты салынды. Кеңес өкіметі Қазақстанда ал­ғашқы болып 1917 жылы 30 қазанда осы Перовскіде орнады. 1922 жылы қаланың Ақмешіт аты қайтарылды.
1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешітте Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі ашылып, онда "Қырғыз республикасын” "Қазақ республикасы” деп атауға қаулы алынды және Ақмешітті Қызылорда деп атап, оны Қазақстанның астанасы етіп бе­кітті. Осы жылдары А.Байтұрсынов, С.Сейфулин, Т.Жүргенов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов, І.Жансүгіров, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев, т.б. Алаш зиялылары Қызылордада жұмыс істеді.
Сөйтіп, өз тарихында Қызылорда атауы 1818 жылы – Ақмешіт, 1853 жылы – Перовск форты, 1867 жылы – Перовск қаласы, 1922 жылы қайтадан – Ақмешіт, 1925 жылдан бері Қызылорда қаласы болып 5 рет өзгертілді.
1938 жылы Қызылорда облыс орта­лығына айналды. Қалада электр станциясы, диірмен, наубайханалар, балық өңдеу, күріш, кірпіш зауыты жұмыс істеп тұрды. ҰОС-дан кейінгі жылдары аяқ киім фабрикасы, ет комбинаты, астық өнімдері комбинаты, сүт зауыты, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын маталар фаб­­рикасы іске қосылды. Гагарин, Титов атындағы шет аймақтар қала көлемін арттыра түсті. Оқу орындары мен мәдениет ошақтары ашылды. 1980-1990 жылдары қала көшелерінде сәнді үйлер, зәулім ғимараттар бой көтерді.
1996 жылы ҚР Президентінің Жарлы­ғымен «Қызылорда арнайы экономикалық аймағы» құрылды. АЭА бағдарламасы негі­зінде қалада жекешелендіру, акцио­нерлендіру, инвес­тиция тарту секілді жұ­мыстар жүргізілді. Өнеркәсіп, сауда, байланыс қатынастары реттелді.
Қызылорда қаласының іргесі қалан­ғанына 200 жыл толып отырған бүгінгі күнге дейінгі тарихы осылай өріледі.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: