Қызылорда қаласындағы №264 мектеп-лицей оқушылары өткен жылдан бастап оқу процесінде жүзуді меңгеріп жатыр. Аптасына бір мәрте суда жүзетін оқушылар мектепте іске асқан бассейннің арқасында ақылы орталықтарға баруды доғарған. Тақырыпты толық аша түсу үшін білім ордасына барып, мектеп директорына жолықтық.
Мектепте салынған бассейнді тұрақты түрде ұстап тұру үшін де қыруар қаржы керек. Мәселен, суды ауыстыру, судың тазалануына себілетін хлорлы дәрілердің уақытылы жасалуы әжептеуір қаржыны қажет етеді. Балалардың игілігіне қажетті бассейнді қалпында ұстап тұру үшін мектеп директоры Ұлболсын Маханова қаржылық қолдауды алыстан іздемеген. Өзінің бастамасымен жасалған жұмыстар бүгінде мектеп оқушыларының суда жүзуіне мүмкіндік беріп отыр. Директор бассейндегі суды тазалап тұратын арнайы дәріні алуға айына 120 мың теңгедей қаржы кеткенін ашып айтты. Оқушылардың біліміне мән берген басшылық тек оқуда ғана емес, спортта да белестен көрінуіне жол ашып берді.