Жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес Қызылорда қаласында 2018 жылғы 10 айдың қорытындысымен 2953 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 3002 жаңа жұмыс орны ашылған екен.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45%-ға көп. Айтайық, өткен жылы 2030 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, 2154 жаңа жұмыс орны ашылған болса, қазіргі көрсеткіш көңіл көншітерлік. Жыл басында нақты жоспарлы көрсеткіштер қамтылған "Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтердің кәсіпкерлікті дамыту бойынша жол картасы" бекітілген болатын. Бүгінгі күні жол картасы аясында жалпы құны 4 млрд. 37 млн. теңгені құрайтын 212 жоба іске қосылып, 331 жаңа жұмыс орны ашылып үлгерген.