Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ШАЛҚЫҒАН ШАТТЫҚ ӘНІ БАҚТАРЫНДА


Туған өлке төріндегі руханият пен мәдениеттің алтын тұғыры – Қызылорда қаласының сән-салтанаты талай ақынның таңдайынан жыр, талай сазгердің өн бойынан әсем әуен болып төгілген. Қарт Қаратаудың иегі мен Қызылқұмның жиегін жағалай сыңғырлап аққан Сыр-ананың күміс күлкісі ерте көктемде еркелей ағып, қиялыңа қанат бітіріп, шабытыңның шамын жағады. Дана дарияның жағалауынан бой түзеген зәулім үйлерге қарап, туған қаламыздың болашағынан бақыт сәулесінің құйылып тұрғанына куә боласың! Кеудеңдегі мақтаныш сезімі қиялыңда ән тудырады. Шынайы өнер туындысы елдің құрметіне бөленеді.

Білем сені, сүйем сені

Сырдың суы қарт анам,

Сенсің мені әлдилеген,

Туған сенен мен балаң.

Жазса Пушкин Днепрді,

Жазса Пушкин Еділді.

Неге маған жырламасқа,

Сырда туған елімді, –
деп көрнекті ақын Әбділда Тәжібаев жүрегіндегі туған жерге деген перзенттік махаббатын жырмен жауһарлаған болатын. Сағынышты сезімге толы туындыны жезтаңдай әншілер мың құбылтып, домбыраның әуезді үнімен елдің құлағына жеткізіп, күмбірлете шырқағаны бала кезімізде-ақ зердемізде жатталып қалған. Бүгінде оны Сыр бойына танымал әнші Үміт Медеуова жаңаша әрлеп, төгілте айтып жүр. Әуеннен ұлы даланың сан құбылған табиғат үні, Сыр-ананың толықсып аққан кербез дидары көз алдыңа елестеп тұра қалады. Сол тарих қойнауынан сыр шерткен жылдардан бері қыдыр қонған Қызылордаға арнап жыр тарту еткен ардалы ақындар мен сол керемет әуенді сазына келтіре орындап, халықтың құрметіне бөленіп, бағын жандырған жұлдызды өнерпаздар шоғыры толастаған емес.
Сыр бойының тұғырлы ақыны Махмұтбай Әміреұлы сөзін жазған «Қызылорда вальсі» әнінің өмірге келгеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, құдіретті әуен көкірегі ояу пенденің кіндік кескен жерге деген сүйіспеншілігін еселеп, рухыңды оятып, қанаттандыра түседі.
«...Шалқыған шаттық әні бақтарында,
Бөленген көшелері ақ қайыңға.
Дарияның жағасында бір қала бар,
Айналған Сыр елінің мақтанына» деп вальс өз екпінімен елді баурап алады. «Әннің бағын ашқан Сәбит Жаңабаев» дейді танымал әннің мәтінін жазған Махмұтбай ағамыз.
– Ол облыс аумағына ғана емес, республика көлеміне таралып кеткен. Облыстық радиодан С. Жаңабаевтың барқыттай жұмсақ баритон даусымен құлпырып көріктеніп шыға келетін. Сазгердің жазған әуені орындаушысын табуы керек, болмаса керемет әннің өзі танылмай қалуы мүмкін. Сәбит Жаңабаев болмаса, бұл ән көрерменнің көкірек сарайында дәл қазіргідей күмбірлеп, еліктірер ме еді, еліктірмес пе еді?!,–дейді ол.
Композитор, өмірде тұғыры биік талант Тәңірберген Қалауовтың да өз дәуірінде осы танымал әуен шығармашылығын жоғарғы биіктерге көтерді. Бүгінгі күні де жүрек қылын шертетін әсем әуен сөзі мен әні үйлесім тауып, туған мекеннің төл перзенттерінің зор ықыласына бөленіп, үздік шығармалардың қатарында тұр.
Бас шаһардың тұғырын биіктетіп, шамшырағын жағатын сыршыл әуендер қатарында Мұрат Сыздықовтың «Сыр гүлі», Бейбіт Ахметованың «Сүйем сені, Сыр елім», Лена Әбдіхалықованың «Сыр елім», Рамазан Таймановтың «Қызылорда – туған жерім» әндері бар
Жұлдызы жарқыраған Қызылорда қаласының қойнауы жыр, кеудесі күй, өңірі өлеңмен өрнектелген. Ақынның шалқар шабытын оятқан, сазгердің әлеміне сырлы сәуле құйған, күйшінің тылсым кеңістігін күмбірлеткен туған қаламыз екі ғасырдың куәсы болғалы тұр. Сырдың бас қаласының, алты алаштың байырғы астанасының сән-салтанатын айшықтап, абыройын асқақтататын өміршең әндер, жақұт жырлар перзенттік махаббатпен өмірге келе беретініне бек сенеміз. Себебі бүкіл шабыт Сыр-ананың сұлу толқындарынан тарайды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: