Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?


Тамылжыған тамыздың бітуіне санаулы күндер қалды. Қоңыр күздегі күміс қоңырау соғылып, мектеп есігі оқушыларға айқара ашылар күн де алыс емес. Бұл – әрбір адамды ерекше толқытатын сәт. Жүрегімізге жақын. Оны асыға күтеміз.
Кез-келген ел болашағын ұрпағымен байланыстырады. Ұрпағы білімді, саналы әрі тәрбиелі болса, сол елдің болашағы зор. Облыс орталығындағы 54 мектепте үстіміздегі оқу жылын 59 мыңнан астам оқушы отыратын болады.
Қаладағы білім ошақтарында оқу жылына дайындық жаздың алғашқы күндерінен-ақ басталды. Бүгінгі таңда облыс орталығындағы 10 мектепке жергілікті бюджет есебінен ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Қыркүйек айының алғашқы күнінде оқушылар жаңарған сынып бөлмелерінің есігін ашады. Заманауи үлгідегі соңғы технологиямен жабдықталған білім ордалары жас өрендерді қарсы алмақ.
«Балапан» бағдарламасы аясында қалада 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсеткіші бүгінгі күні өз деңгейінде орындалып жатыр. Шаһарда балабақша салу мәселесі оңтайлы қолға алынған. Соның айғағы ретінде, қаламыздағы «Арай» мөлтек ауданында 280, сол жағалауда 320 орындық 2 балабақшаның құрылысы жүріп жатыр.
Білім – қоғамның қозғаушы күші. Сол себептен білім сапасын арттыру – ең басты мақсат. Биылғы оқу жылында оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды.Айта кетейік, биыл 7500-ден аса өрен мектеп табалдырығын жаңадан аттайды деп күтілуде. 2018-2019 оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұнына көшетін 3, 6, 8 сыныптардың оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері толығымен жаңартылуда. Білім беру ұйымдарын оқулықпен толық қамтамасыз ету үшін қажетті қаржы бөлініп, бүгінгі күні баспаналармен келісім-шарт жасалған. «Мектепке жол» акциясы аясында барлық мектептер бойынша 7000-нан аса оқушыға 120 млн. теңгеге қамқорлық көрсетіледі деп күтілуде.
Мек­теп­тер­дің қысқа дайындығы назардан тыс қалмаған. Орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылатын 51 білім мекемесінде аязды уақытқа әзірлік ойластырылуда. Оған 4 млн. 100 теңге қаржы бөлініп, үстіміздегі жылдың 25 тамызға дейін толық аяқталатын болады. Оның ішінде 30 білім ошағы жекелеген бу қазандықтары және кіші пешпен жылытылады. Қатты отынмен 4 мекеме жылытылса, 3 білім беру орны сұйық отынның игілігін көреді. Сонымен қатар, №101 мектеп-лицейдің жылу жүйесін жанар-жағармайдан газға ауыстыру мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүргізілуде. Жылу маусымына дейін ол толық аяқталып, аталмыш жүйе газға ауыстырылады.
Осылайша, қаладағы мектептер жаңа оқу жылына сақадай сай. Бүгінде мектеп табалдырығын аттайтын өрендердің тізімі жасалып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар анықталуда. Оларға арнайы көмек беріліп, балғындардың білім жүйесінен алшақтамауына барлық жағдай қарастырылуда.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: