Қазақ халқының мүшелдік жыл санауы тышқан жылынан басталады. Ол келесі жылы 22 наурызда кіреді. Сонда жаңа жылда бізді не күтіп тұр? Бұл жөнінде aikyn.kz жазды. Қазақтар тышқан жылын ырыс - береке, татулық пен тыныштықтың жылы деп санайды. Халықтың бұл сенімі көп жағдайда дәл келген. Шынында да тышқан жылында қиыншылық, жаугершілік, аштық көп болмады.
Тышқан жылының мыңдаған жылдық тарихына көз жүгіртсек, оның басым бөлігі аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз, молшылықта өткен. Қанжығалы Бөгенбай батыр тышқан жылы (1684) туса, Төле би тышқан жылы (1756) қайтыс болған, алғаш Қазақ ордасы 1456 тышқан жылы құрылған.
Жыл санау туралы деректер VIII ғасырдағы “Күлтегін” ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі. Ал осыдан 5 ғасыр бұрын жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының "Шипагерлік баян" кітабында мүшел жыл белгілерінің ерекшеліктеріне қарай адам мінезі сипатталған.
"Сумақы (тышқан). Мүшелдік жыл сумақыда жымысқы қулық, күндіз үйкүшік, әшкере харакеті аз, түнде жасырмалы харакеті көп, суыққолдылығымен қарақшылық жегіштігі мол, дәулет жиғыштығы күшті. Әлдіден қорыққыш, әлсізді басынғыш, һалал, һарам шикілі-пысылы талғаусыз жегені ас болатын, өсексіз болса да ұластырмалы айласымен елді шулатқыш, қырқыстырғыш. Ар-ұяты аз, шімірікпес, лыпылдаған сайқал, күлді-көмеш қулықтар мінездемелік әйгіленшілер көбірек болмақ" , - деп жазды Тілеуқабылұлы.
Астролог мамандардың мінездемесіне сәйкес, тышқан жылы туғандардың мінезі тік, алғыр, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін мол жауапкершілікке ие. Ал жаман қасиеттері - қызғаншақ, сатқын, кейде шыдамсыз, қырсықтау.
"Әділ, кең пейілді, жомарт жүректі және өз-өзін басқара біледі. Әркіммен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында таныстары жетерлік. Бірақ нағыз досқа мұқтаж. Ақыл-ой жағынан алып бара жатқан ерекшелігі болмағанымен, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтынына көпшілік тәнті. Үсті-басын таза ұстап, сақ жүреді. Думан-той, ырду-дырдудан бойын аулақ салуға тырысады. Мінезі – тәкаппар, сәл нәрсеге өкпелегіш. Олардан жақсы саудагер, жазушы, сыншы және публицист шығуы мүмкін", - дейді мамандар.